Балқаш және Қарқаралы қалаларында HoReCa саласындағы қызмет көрсету сапасы мен қонақжайлық мәдениетін дамытуға арналған семинарлар өтті. Іс-шараларға туристік индустрия, қонақүйлер, демалыс аймақтары, дәмхана мен мейрамханалар саласының 80-ге жуық өкілі қатысты.

Семинарлардың спикерлері ретінде «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ өкілі Дәурен Ақбота және Wyndham Garden Astana мен Ramada by Wyndham Astana қонақүйлерінің кластерлік бас менеджері Айдар Қойшыбаев сөз сөйледі.

Сарапшылар қонақжайлық индустриясындағы заманауи үрдістер, халықаралық қызмет көрсету стандарттары және сервис сапасын арттырудың тиімді құралдары туралы баяндады. Сонымен қатар қазіргі туристердің сұранысы мен өңірлердің туристік әлеуетін дамытудағы жоғары деңгейдегі қызмет көрсетудің маңызына ерекше назар аударылды.

Семинарлардың практикалық бөлімі ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Қатысушылар туристік бизнестегі өзекті мәселелерді талқылап, нақты тәжірибелік мысалдарды қарастырды және қонақтарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар алды.

Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер сала өкілдерінің тәжірибе алмасуына, үздік тәжірибелерді енгізуіне және туристік қызметтердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруына мүмкіндік береді.