Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, ғылыми байқаулар мен робототехника саласындағы жарыстардың үздік қатысушылары Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесті. Оқушылар мен олардың ұстаздары өз жетістіктері мен болашаққа құрған жоспарларымен бөлісіп, өңірдің абыройын ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де асқақтатып жүрген еңбектері үшін лайықты марапаттарға ие болды.

Кездесуді ашқан өңір басшысы бүгінгі буынның ел ертеңін айқындайтын басты күш екенін ерекше атап өтті.

— Сіздер қазірдің өзінде өз білімдеріңізбен, тың идеяларыңызбен және жарқын жетістіктеріңізбен Қарағандының атын шығарып келесіздер. Алдағы уақытта Қазақстанның болашағын қалыптастыратын да өздеріңіз боласыздар — ғалым, инженер, дәрігер, ұстаз, IT-маман және ел тізгінін ұстар азамат ретінде, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Кездесуге қатысқан дарынды жастардың қатарында №1 «Білім-Инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Даниял Нұрлан да бар. Ол физика және информатика пәндерінен О. Жәутіков атындағы халықаралық олимпиадада, XVII халықаралық Еуразиялық олимпиадада және республикалық білім сайыстарында жеңіс тұғырынан көрінген.
— Бүгінгі таңда Қазақстан жастары үшін өзін-өзі дамытуға мүмкіндік мол. Ең маңыздысы — биік мақсат қоя білу және сол мақсатқа табандылықпен ұмтылу, — дейді жас оқушы.

Кездесуде Қарағандының робототехника саласындағы жетістіктері ерекше аталды. Биыл «Мұрагер» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командасы Хьюстон қаласында өткен FIRST Championship 2026 халықаралық чемпионатында жеңімпаз атанып, ел намысын абыроймен қорғады.

Мектеп түлегі Ақбар Ермековтің айтуынша, шынайы жетістік жауапкершілікті сезіне білген адамға бұйырады.
— Үздік болу — тек жеңіс емес, өз мектебіңді, өңіріңді және еліңді лайықты деңгейде таныстыру. Мақсат айқын болса, оған жетудің жолы да табылады, — деді ол.

Ауыл мектептерінің оқушылары да жоғары нәтижелерімен көзге түсіп келеді. Шет ауданы Ә. Ермеков атындағы мектеп-интернатының түлегі Ақмарал Байболат математика және механика бойынша Ө. Жолдасбеков атындағы халықаралық ғылыми жобалар байқауының жүлдегері атанды.

Әрбір жетістіктің артында ұстаз еңбегі жатқаны белгілі. №1 Н. Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының жас педагогы Рахым Серік география пәні бойынша республикалық олимпиаданың бес жүлдегерін дайындап шығарды — бұл өңір тарихындағы айрықша нәтиже.

— Дарынды балалар бізге де шабыт береді. Кейде ұстаздың қолдауы баланың өзіне деген сенімін арттырып, өмірлік бағытын айқындап береді, — дейді педагог.

Кездесу соңында Ермағанбет Бөлекпаев үздік педагогтарды мемлекеттік наградалармен,

ал дарынды оқушыларды ақшалай сертификаттармен марапаттады.

«Құрмет» орденімен Қ. Сәтбаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ермек Келмағамбетова және «Білім-Инновация» лицей-интернаты №1-дің тарих пәні мұғалімі Ғалиа Мұқатова марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалі С. Сейфуллин атындағы гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағдат Амангелдинова мен «Дарын» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Жанар Ақашеваға табысталды.

— Бұл мен үшін зор мәртебе. Мұндай жоғары бағалауды күтпедім, толқынысымды сөзбен жеткізу қиын. Өте қуаныштымын әрі шын жүректен алғысымды білдіремін, — деді Жанар Ақашева.

