Қарағанды облысының ауылдық аудандарының тұрғындарына бейінді мамандардың көмегін алу бұрынғыдан да жеңілдей түспек. Телемедицинаны дамыту арқасында енді кардиологтар, нейрохирургтер, онкологтар және облыстық деңгейдегі басқа да дәрігерлердің консультацияларын Қарағанды қаласына бармай-ақ алуға мүмкіндік бар.

Консультациялар бейнебайланыс арқылы өткізіледі: жергілікті жердегі медицина қызметкері облыстық маманмен байланыс ұйымдастырады, ал дәрігер науқастың тексеру нәтижелерін зерделейді. Қажет болған жағдайда бірнеше дәрігердің қатысуымен телеконсилиумдар өткізіледі. Консультациялардың басым бөлігі бір жұмыс күні ішінде ұйымдастырылады.
Телемедицинаны дамыту Шет ауданында жүзеге асырылған «Онлайн-медицина» пилоттық жобасының жалғасы болды. Жоба аясында облыстық клиникалық аурухананың мамандары 200-ге жуық қашықтан консультация өткізіп, 2 мыңнан астам зертханалық және диагностикалық зерттеу ұйымдастырды. Шет ауданы елді мекендер арасындағы қашықтықтың едәуір болуына байланысты таңдалды. Мұнда медициналық көмектің заманауи форматтарына сұраныс жоғары.

Жобаны ауқымды түрде енгізу барысы туралы Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа баяндалып, онлайн-медицинаның іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні көрсетілді.

Бүгінде телемедициналық желі өңірдің барлық дерлік ауылдық аудандарын қамтып отыр. Облыстық клиникалық аурухананың мамандарынан бөлек, ауыл тұрғындары №2 көпсалалы аурухананың кардиология және кардиохирургия саласындағы дәрігерлерінен, Х. Ж. Мақажанов атындағы клиниканың нейрохирургия және травматология мамандарынан, облыстың онкологиялық қызметі шоғырланған №3 көпсалалы аурухананың дәрігерлерінен, сондай-ақ облыстық балалар клиникалық ауруханасының мамандарынан консультация ала алады.

Қазіргі уақытта жоспарланған 117 ауылдық денсаулық сақтау нысанының 105-і телемедициналық кешендермен жабдықталған. Жоба толық аяқталғаннан кейін облыстың барлық аудандарындағы 200 мыңнан астам тұрғын телемедициналық қызметтерге қол жеткізеді.

Заманауи кешендер электрокардиограмманы, артериялық қысым, тамыр соғысы және сатурация көрсеткіштерін қашықтан жіберуге, өкпені аускультациялауға, құлақ пен көз түбін тексеруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта медициналық ұйымдарды телемедициналық ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен және зертханалық диагностикалық жүйелермен қосымша жабдықтау жоспарлануда.

— Біз қазірдің өзінде консультациялар өткізіп, ауылдық денсаулық сақтау ұйымдары мен облыстық медициналық орталықтардың мамандары арасындағы өзара іс-қимылды пысықтап жатырмыз. Біздің міндетіміз – телемедицинаны дәрігерлердің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналдыру және тұрғылықты жеріне қарамастан ауыл тұрғындарының сапалы мамандандырылған медициналық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету, — деді облыстық клиникалық аурухана директорының орынбасары және Қарағанды облысындағы телемедицина жобасының үйлестірушісі Назира Базарова.

— Бұл — тиімді әрі сұранысқа ие жоба. Оның басты құндылығы — ауылдық аудандардың тұрғындары облыс орталығына бармай-ақ жоғары білікті мамандардың консультациясын ала алады. Адамдар жолға кететін уақыт пен қаражатты үнемдейді, ал медициналық көмек бұрынғыдан да қолжетімді әрі жедел бола түседі, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.
Мамандардың пікірінше, жоба ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, шалғай аудандардағы бейінді дәрігерлер тапшылығының орнын толтыруға да мүмкіндік береді.