Қарағандыда танымал жүзуші жас спортшыларға қолдау көрсетті

Фото: gov.kz

Қарағандыда «Спартак» ашық кубогы аясындағы жүзу жарысы екінші рет өтіп жатыр. Биылғы турнирге өңірдің әр қаласынан 170-тен астам жас спортшы қатысуда. Қатысушыларды қазақстандық спорт аңызы — 1972 жылы Мюнхенде өткен Олимпиаданың күміс жүлдегері Виктор Абоимов құттықтады.

— Менің барлық жетістіктерім Қарағандыдағы жүзу мектебі мен «Спартак» қоғамымен тығыз байланысты. Жерлестерімнің жетістіктерін үнемі бақылап отырамын. Жаңа, лайықты спортшылардың өсіп келе жатқанына қуаныштымын. Жастарға спортты сүюді, тынымсыз жаттығуды және қандай жағдай болса да жоғары нәтижеге ұмтылуды тілеймін, — деді Виктор Абоимов.

Ол жүзуге 14 жасында келіп, кейін елдегі ең атақты спортшылардың біріне айналды.

Жарыс бағдарламасына қысқа қашықтықтағы көпсайыс, түрлі жүзу стильдері және эстафеталық сайыстар енгізілген.

Көптеген қатысушылар үшін бұл турнир — спорттық мансаптағы алғашқы маңызды қадам.

— Бұл жарыс мен үшін өте маңызды. Ең жақсы нәтижемді көрсетіп, бірінші ересектер разрядын орындап, жүлделі орын алғым келеді. Алдағы уақытта жаттығуды күшейтіп, Қазақстан чемпионатына қатысуды жоспарлап отырмын, — деді Медет Нұрсұлтан.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнир біртіндеп дәстүрге айналып, болашақ чемпиондарды даярлау жүйесінің маңызды бөлігіне айналып келеді.

— Бүгінде қарағандылық жүзушілер, суға секірушілер, су добы және көркем жүзу спортшылары халықаралық жарыстарда ел намысын лайықты қорғап жүр. Су спорты түрлерінің дамуы жалғасып, жастар аға буынға қарап, Қарағанды жүзу мектебінің дәстүрін жалғастыруы маңызды, — деп атап өтті Қазақстанның «Спартак» дене шынықтыру-спорт қоғамы республикалық кеңесінің төрағасы Рашит Гатин.

Айта кетейік, «Спартак» ерікті спорт қоғамы 1935 жылы құрылған. 

Осы ұйым аясында көптеген танымал спортшылар тәрбиеленіп шыққан және бүгінде ол бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді.

Дереккөз: Қарағанды облысының әкімдігі