Қарағанды тұрғындары мен қала қонақтары 6 маусым күні Қарқаралыда өтетін өңіраралық «BaiQymyz-2026» этно-гастрономиялық фестиваліне тегін жете алады.
Мерекелік шараға қатысқысы келетіндер үшін Қарағанды – Қарқаралы – Қарағанды бағыты бойынша арнайы автобустар ұйымдастырылады. Төрт автобус жолаушыларды Global City сауда орталығының жанынан күтеді. Жөнелту таңғы сағат 06:00-де басталып, автобустар салондар толуына қарай жолға шығады.

Кері бағытта Қарағандыға екі автобус сағат 15:00-де, тағы екі автобус сағат 17:00-де аттанады. Бұдан бөлек, сағат 12:00-ден бастап әр екі сағат сайын Қарқаралы қаласынан фестиваль өтетін орынға дейін автобус қатынайды. Барлық бағыттар бойынша жол жүру тегін.
«BaiQymyz-2026» фестивалі қазақтың дәстүрлі мәдениетінің басты нышандарының бірі – қымызға арналады. Қарқаралыға Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Ұлытау облыстарынан және Қарағанды облысының аудандарынан қымыз өндірушілер келеді.
Фестиваль бағдарламасы мазмұнды әрі қызықты іс-шараларға толы. Қатысушылар 10 миллион теңге жүлде қоры қарастырылған ең үздік қымыз өндірушіні анықтайтын байқауға куә болады. Сонымен қатар ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары, халық шеберлерінің қолөнер көрмесі, ұлттық спорт ойындары және қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, фестиваль аясында халықаралық мәдени бағдарлама да өтеді.