Қарағандының Қазыбек би ауданында жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қалалық негізгі магистральдармен қатар, аула аумақтарына, кіреберіс жолдар мен кварталішілік көшелерге де баса назар аударылуда.
Бүгінгі таңда ауданның бірқатар көшелерінде шұңқырларды жөндеу (ямочный ремонт) жұмыстары аяқталды. Атап айтқанда, Құрылысшылар даңғылы, Гапеев көшесі, Шахтерлар даңғылы, сондай-ақ Ержанов, Нүркен Әбдіров, Крылов көшелері мен «Гүлдер» шағын ауданында тиісті жұмыстар атқарылды.
Қазіргі уақытқа дейін қалпына келтірілген жол төсемінің жалпы ауданы 8 мың шаршы метрді құрады.
Биыл ауданда жалпы көлемі 27 мың шаршы метр аумақты құрайтын жол шұңқырларын жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, жол жұмыстарымен қатар су бұру жүйесін жаңғырту шаралары да жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда нөсер кәрізін (ливневая канализация) орнату жұмыстары аяқталды, ал инженерлік инфрақұрылымды одан әрі жақсарту бағытындағы іс-шаралар әлі де жалғасуда.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл жобаларды іске асыру жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және қала тұрғындары үшін барынша жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.