Қарқаралыда демалыс пен туризмнің жаңа мүмкіндіктері ашылуда

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарқаралыдағы Бұғылы тауының баурайында жаңа рекреациялық аймақ құрылып жатыр. Бұл туристердің жайлы демалысына арналған тағы бір тартымды орынға айналмақ.

Жалпы аумағы 75 гектарды құрайтын аумақта қонақүйлер, глэмпингтер, мейрамханалар, этноауыл, ойын-сауық саябағы және тау шаңғысы кешенін салу жоспарланған.

Қазіргі уақытта мұнда инженерлік желілер тартылып, жолдар мен жаяу жүргіншілер аймақтары салынуда.

Инфрақұрылымдық жұмыстар толық аяқталғаннан кейін жер учаскелері туристік жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға ұсынылады.

— Осы 75 гектар аумақта бүгінде су, кәріз, электрмен жабдықтау желілерін тарту және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Инфрақұрылым толық дайын болған соң жер телімдерін инвесторларға ұсынатын боламыз. Қарқаралының жыл бойы туризмді дамытуға әлеуеті өте жоғары болғандықтан, кәсіпкерлерді ынтымақтастыққа шақырамыз, - деді Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусин.

Оның айтуынша, туризмнің дамуына Қарағанды — Қарқаралы автожолын жаңғырту жұмыстары да оң әсерін тигізген. 

Жол жүру уақыты шамамен екі сағатқа дейін қысқарып, туристер ағыны екі-үш есеге артқан.

Бүгінде Қарқаралының айналасында 40 демалыс аймағы жұмыс істейді. Алдағы уақытта олардың саны едәуір көбеймек. Туристік инфрақұрылым мемлекеттік қолдаудың арқасында қарқынды дамып келеді.

Сонымен қатар курорттық қаланың келбеті де жаңарып, көшелер мен қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда.

Жаңа жобалар тек ересектердің демалысына ғана емес, балаларға да бағытталған. Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында Qarqaraly Go киіз үйлі этнолагері ашылуда. Мұнда балалар қарағай мен қайың көмкерген табиғи ортадағы дәстүрлі киіз үйлерде тұрып, қазақ халқының ұлттық мәдениетімен жақынырақ танысады.

Qarqaraly Go жобасының құрылтайшыларының бірі Ерлан Төлеубековтің айтуынша, жобаның басты ұраны — «Балаңызға гаджетсіз жаз сыйлаңыз». Тәрбиешілер балаларды дербестікке, жауапкершілікке және ұжымда жұмыс істей білуге баулиды. Бағдарламаға жаяу жорықтар, атпен серуендеу, спорттық және шығармашылық сабақтар енгізілген. Жаз мезгілінде сегіз ауысым ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Өңірде жол бойы сервисі де дамып келеді.

Қарқаралының маңында 40 бөлмелі мотельдің құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысан жыл сайын бес мыңға дейін турист қабылдай алады.

Ал 6 маусым күні Қарқаралы алғаш рет өңіраралық «BaiQymyz-2026» этно-гастрофестивалін қабылдайды. Қонақтарды жалпы жүлде қоры 10 миллион теңгені құрайтын үздік қымыз байқауы, ұлттық тағамдар бойынша шеберлік сабақтары, қолөнершілер көрмесі, ұлттық ойындар мен концерттік бағдарлама күтеді. Фестивальге қатысқысы келетін қарағандылықтар үшін Қарағандыдан іс-шара өтетін орынға дейін және кері бағытта тегін автобустар ұйымдастырылады.