Каспий теңізі акваториясында жүргізілген іздестіру-құтқару операциясы аяқталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгін, 25 қыркүйекте, сағат 9:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің — сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денелері табылды.
Еске салайық, қайғылы оқиға оқу-жауынгерлік міндетті орындау барысында ауа райының кенеттен күрт нашарлауынан орын алып, нәтижесінде 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен болатын. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметші қаза тапты.
— Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің және Қарулы күштерінің басшылығы мен жеке құрамы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
Қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті жан-жақты, оның ішінде материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі, — делінген министрлік хабарламасында.