Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету – мемлекеттік басқару жүйесінің басым бағыттарының бірі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық бөлімшелері азаматтармен қатар мемлекеттік қызметшілердің де құқықтарын қорғауды, олардың бұзылған заңды мүдделерін қалпына келтіруді басты міндет санайды.
Осы бағытта Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тарапынан мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау шеңберінде бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды.
Еңбек құқықтарын қорғау және мониторинг
2025 жылы жүргізілген талдау нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге еңбек демалысын уақтылы бермеу фактілері анықталды. Департаменттің араласуымен 146 қызметкердің құқығы қалпына келтіріліп, оларға тиесілі өсімпұл төлемдері толық төленді.
Сондай-ақ, 2023 жылдан бастап енгізілген қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі (СКУД) арқылы жұмыс уақыты режимінің сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді.
Нәтиже: 2025 жылдың 12 айында 180 мемлекеттік қызметшінің үстеме жұмысқа тартылғаны белгілі болды. Тиісті шаралардың нәтижесінде оларға қосымша тынығу сағаттары берілді.
Жұмыстың икемді форматы және әлеуметтік қолдау
Мемлекеттік қызметшілердің жеке қажеттіліктерін қызметтік міндеттерімен үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимі белсенді қолданылуда. Қазіргі таңда өңірдегі 29 қызметкер осы режимнің игілігін көруде. Бұл жаңашылдық қызмет тиімділігін арттырып, еңбек жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізді.
Тәртіптік жауапкершілік пен шағымдарды қарау
Департаментке келіп түскен арыз-шағымдар мен жоспардан тыс тексерулер барысында келесідей жетістіктерге қол жеткізілді:
Тәртіптік шаралар: Тәртіптік жаза қолдану тәртібінің бұзылуына қатысты тексерулер нәтижесінде 4 қызметшінің құқығы қалпына келтірілді.
Конкурстар мен сыйақылар: Азаматтардан түсетін шағымдардың негізгі бөлігі әдеп нормаларын сақтамау, бос лауазымдарға орналасу конкурстары және сыйақы тағайындау мәселелеріне қатысты болып отыр.
Жалпы көрсеткіш: Профилактикалық және жоспардан тыс бақылау шараларының қорытындысы бойынша 10 азаматтың және 5 мемлекеттік қызметшінің заңды құқықтары қалпына келтірілді.
Атқарылып жатқан іс-шаралар мемлекеттік қызмет жүйесіндегі заңдылықты нығайтуға, мемлекеттік аппараттың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға тікелей бағытталған. Қызметшілердің құқықтық қорғалу деңгейін арттыру – мемлекеттік қызметтің тартымдылығын қамтамасыз ететін негізгі фактор.
Д. Абдрахманов,
ҚР МҚІА Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары