Франция соты Мұхтар Әблязовты экстрадициялау мәселесін қарайды

ашық дереккөз

EU Reporter басылымы Мұхтар Әблязовтың экстрадициясына қатысты мақала жариялады, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық порталының тілшісі El.kz-ке сілтеме жасап. Мақала «Францияның босқындар ісі жөніндегі соты Мұхтар Әблязовтың ісін қарауға дайындалып жатыр» деп аталады.

Француз журналистері қазақстандық экс-банкирдің тағдыры жақын күндері шешілетінін мәлімдеп отыр. Сотта Әблязовтың босқын ретінде Францияда қалу мәселесі немесе алаяқтығы бойынша экстрадициялануы қаралатынын айтқан.

«Әблязовтың ұзаққа созылған оқиғасы Францияның босқындар ісі жөніндегі ұлттық сотына дейін жетті. Сот жақын уақытта қашқын олигархтың тағдырын шешеді», – делінген мақалада.

Еске сала кетейік, Мұхтар Әблязов Қазақстаннан 2009 жылы қашып кеткен. Оған БТА-Банктің 7,5 млрд долларын жымқырды деген айып тағылған еді. Миллиардер Франциядан саяси баспана алып, босқын ретінде өмір сүріп жатыр.

«Paris Match» басылымының жазуынша, Франция Әблязовқа бұдан әрі де қолдау көрсетіп, саяси баспанасынан айырмаса Қазақстанмен арасы нашарлап кетуі мүмкін. Өйткені, француздардың біздің елде қорғаныс және уран өндірісі салаларында ірі контрактілері бар.

Әблязовтың экстрадициясын Қазақстаннан бөлек Ресей мен Украина да сұрап отыр. Екі ел де экс-банкирді ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыптаған.