Млрд кімге бұйырады?

https://img.alicdn.com/

 

Соңғы жылдары көршілес елдердің мектептеріндегі, тіпті, өзіміздің мектептерде болған небір жантүршігерлік оқиғалардан соң күн тәртібіне мектеп қауіпсіздігі мәселесі енді. Иә, ата-ана мектепке кеткен баласы үшін алаңдайтыны рас. Бала ойнап жүріп телефонын жоғалтып алған не болмаса автобуста ұрлатып алған(мұндай оқиғаны жоққа шығара алмаймыз) жағдайда ата-ана оның мектепке кіргенін не болмаса мектептен шыққанын қалай біледі?

Осы тұрғыда бізге заманауи технологияның көмегі тиетіні анық. Міне, мемлекеттің бас қатырып отырған һәм шешуге ұмтылып жатқан мәселесі осы. Бас қатырар жайы бар. Себебі, біздің Ата заңымызда «Мемлекеттің басты байлығы халық», деп анық жазылған.

Бұл мәселені аймақтарда, үлкен қалаларда мектептер жайлап, өздігінен шешуге тырысуда. Біреулері бейнебақылау қойса, екіншілері арнайы карточка арқылы кіретін турникет орнатып өзінше қам жасауда. Өкініштісі, бірізділік жоқ. Техсипаттамасын жазуда мектепке, оқушы қауіпсіздігіне және ең бастысы мемлекетке  пайдалы тұсын көрсету жоқтың қасы. Әрине, мұны  лоббизм тұрғысынан қарауға да болады. Себебі, шенеунік не болмаса лауазымды тұлға заң бойынше ешкімнің сойылын соғып, соған ыңғайластырып конкурс жарияламауы тиіс. Осындайда қазақтың «Бірақ» деген сөзі еске түседі. Бала қауіпсіздігін максималды тұрғыда 2-3 үлкен компания ғана  қамтамасыз ете алатын болса неліктен шама келгенше сол қызметті алмасқа?

Алматы қаласы білім басқармасының тапсырысымен «Алматы қаласының мемлекеттік білім беру мекемелерінде кешенді қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі қызметтері» атты лот жариялаған.  Бастапқа конкурсты №9648544-2 бойынша таба аласыздар. Соммасын айтқанда тіл шаршап, қарасаңыз көз талады. 9 нөлі бар сан. Мұны математикада млрд деп атайды. Сонымен, 4 374 999 999.99 соммасы көрсетіліп тұрған лоттың басты кемшілігі неде?

Басты кемшілігі бағана айтқанымыздай – сауатсыз жазылған техсипаттамада. Қарап отырсаңыз километр талап жазылған. Бірақ, тапсырыс беруші өзінің не қалайтынын түсінбей отыр және жұртқа түсіндіре алмаған. Сондықтан да болар алғашқы нұсқасына 77 шағым дейміз бе, әлде, түзету енгізу туралы ұсыныс айтылған. «Логиком», «Бона» секілді алпауыттар біраз сұрақ қойған. Айтылған сын мен ескертпелер ескерілместен көпшілікке қайта ұсынылған. Әупіремдеп жүріп үшінші ретте кейбір түзетулерге қол жеткен. Соның өзінде бұл конкурста  19 шағым  тұр.

Енді, мына қызықты қараңыз. Білім басқармасының ниеті дұрыс, амалы қате. Ниеті қаладағы 214 мектепті қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз ету. Амалы – конкурсты «қызмет» санатында жариялау және сапасыхз техсипаттама. Иә, бір қарасаңыз мектепті қауіпсіздік жүйесімен жабдықтау қызмет екені рас. Тек, шартта көрсетілген 3 жыл мерзімі өте шыққан соң кәсіпкер турникеті мен камераларын жинап алып кете барады. Содан соң қайтадан конкурс жариялап, артына 9 нөл еріткен қаржыны қайта бөлуге тура келеді. Бұл мемлекетке екі шығын емес пе?

Біріншіден, 4 млрд деген сомма қайдан шықты? Алматының кей мектептері қауіпсіздік жүйесін бүгінгі таңда орнатып та қойған болар? Оны есептеген біреу бар ма? Мектепке орнатылатын 1 турникет 500 баланы өткізуге есептелген. Көп мектептерде кіруге 2, шығуға 2 турникет орнатылады. Оқушы санын есепке алған бір адам бар ма?

Түсініктірек болу үшін математика тұрғысынан қарапайым мысал келтірейін. Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектепке соңғы үлгідегі турникет орнатылды. 2 турникет кіруді, 2 турникет шығуды қамтамасыз етеді. Турникет баланы бет-жүзін тану (FaceID) арқылы кіргізеді. Сондай-ақ, дисплейде баланың дене қызуын көрсетіп тұрады. Мектептің кіреберісінде үлкен екі экран орнатылған.  Бұл жерде қай сынып қай кабинетте қай сабақта отырғаны көрсетіліп тұрады. Кәдімгі сабақ кестесі. Екінші экранда да қосымша ақпарат және сол күнгі туған күн иесін құттықтап тұрады. Сондай-ақ, ата-анаға телеграм бот арқылы баланың мектепке кіргені мен шыққаны хабарлама жіберіп тұрады. Міне, осындай қызметтердің барлығы 8 млн 500 мың теңгеге жуық қаржыны талап еткен. Бұны мектеп те қызмет ұсынушы тарап та растап отыр.

Анықтағанымыздай, бақылау камерасын қойған жағдайда бір мектепке 16-32 аралығындағы камера орнатылады екен. Камераның құны мен орнату қызметі осы санға байланысты құбылып отырады. Дәл осындай қызметті ұсынатын компаниялар 2 млн мен 3 млнның арасындағы соммаға бір мектепті жабдықтауға болады деп отыр.

Бұдан бөлек, Алматының екі мектебінде қазіргі таңда іске қосылған бір жүйе бар. Бұл 1-4 сынып арасындағы тегін тамақтанатын балаларды санайтын құрылғы. Яғни, бір сыныпта 30 бала бар десек сол 30 оқушының қаншасы асханадан тегін тамақ ішкенін бет-жүзін тану арқылы санап тұратын есептегіш. Бұл мемлекет қаржысын оңды-солды шашудың алдын алатын керемет жүйе. Осы құрылғының құны ары кетсе 1 млн 200 теңге деп көрсетілген.  Енді,осыны есепке салып көрелік:

8 500 000 + 3 000 000 + 1 200 000 = 12 700 000

Енді осы 12 700 000*214= 2 717 800 000

Қауіпсіз мектеп дегеніміз не? Мектептер қандай жүйемен қамтамасыз етіледі?

Пульт жедел басқару орталығымен(ЦОУ) байланыстырыла ма?

Оқушы мектепке картасын жоғалтып алған жағдайда қалай кіреді?

Оқушы жоғалтып алған картамен бөтен адамның кіріп кетуінің алдын алу шаралары бар ма?

Жоғарыда тілге тиек еткеніміздей мектепке кірген-шыққан кезде ата-анаға телеграм-бот арқылы смс хабарлама келіп тұратын жүйені орнатуға мүмкіндік бар ма?

Дүниежүзінің ковид-19 пандемиясынан сең соғып қалғанын көрдік. Бұл жүйе адам денесінің қызуын көрсетуге қабілетті ме?

Орнатылған жүйе қазақ мектептерінде қазақша сөйлеп, орыс мектебінде орысша сөйлегені дұрыс болар еді. Аралас мектепте екі тілде қатар сөйлейтіндей жүйе орната аламыз ба?

Міне, осы секілді қарапайым ғана сұрақтар мені және мен секілді ата-аналарды мазалауы тиіс. Себебі, бір қалада басталған науқан басқа қалаларға да жететіні белгілі. Сондықтан да мен баламның қауіпсіздігі тек 3 жыл ғана емес одан кейін де сақталғанын қалар едім. Мына конкурстың ниеті дұрыс, амалы қате дегенім осы болатын. Қазіргі кейпімен ортаңқал бір компания ұтып алса 3 жыл бойы өкініп өтпейтіндей амалын қарастырған жөн.

Айтпақшы ең басты СҰРАҚ: 1 млрдтан артық сомма кімнің қалтасына кетпек?