"Asar Ume" қоры қарағандылық жалғызбасты анаға үй сыйлады

Фото автордан

Қарағандыда өткен “Асар жолы” форумында 5 баланы жалғыз асырап отырған ана баспаналы болды, деп хабарлайды LIFE 09 ақпараттық порталы.

Жалғызбасты анаға қолдау көрсеткен "Asar Ume" қайырымдылық қоры тағы бір отбасын қуанышқа бөледі. Қарағанды қаласы Сұраптау ықшамауданының тұрғыны Евгения Васильеваға баспана тарту етті.

 

Евгения Васильева - 5 баланың анасы. 2015 жылдан бері Сұраптау ықшамауданында үй жалдап тұрған. Жиынға қонақ болып келген ол қуанышты жаңалықты естіп көзіне жас алды. Себебі, баспаналы болатынын білмеген еді.

«Мені бұл форумға«Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығы қонақ ретінде шақырып еді. Бұл мен үшін тосынсый болды. Өте қуаныштымын. Мен бақыттымын. Балаларым өз баспанасында ержетіп өседі. Барлық проблемам шешіледі. Енді мен жалдамалы пәтерден қашан қуып шығады деп қорықпайтын боламын. Сіздерге көп рақмет. Алғысым шексіз »- деді Евгения Васильева.

«Асар жолы» қайырымдылық акциясы 17 шілдеде басталды. Жоба аясында мұқтаж жандарға қолдау көрсетумен қатар жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға баулу көзделген. Бұл форумға мұрындық болған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі,облыс және қала әкімдігі мен «Asar Ume» қайырымдылық қоры.

Шараға ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов және Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов және өңірдің кәсіпкерлері, қоғам қайраткерлері қатысты. 

«Мұқтаждарға пана беріп, жас балаларға қиыншылықта жүрген отбасыларға мотивация беріп, осы жоспар бойынша 50 шақты отбасыны баспаналы қылу. Одан басқа жұмыспен, біліммен, кәсіппен көмектесу.» дейді "Asar Ume" қайырымдылық қорының президенті Асхат Нұрмашев.

 

«Жақсылық жасаудан жарысайық» деген ұранмен қор өкілері өзге қалалардағы кәсіпкерлер мен ауқатты жандарды игі іске атсалысуға шақырады. Осылайша бір қаланың қайырымды азаматтары басқа қаладағы мұқтаждарға жәрдемдеседі. 2,5 айдың ішінде қайырымды жандар 20 өңірдегі азаматтарға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Соңғы 3 жылда қор 440 отбасыға баспана сыйлады.

 

Аяжан Кеңесбек