Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2022 жылдың 10 қаңтары Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Бүгін Қазақстан бойынша Мемлекеттік тулардың барлығы төмен түсіріледі. Осылайша бүлік кезінде қаза тапқан бейбіт тұрғындар мен әскерилер, полиция өкілдері мен құқық қорғау қызметкерлеріне құрмет көрсетіледі. Кейінгі күндері болған қақтығыстар кезінде қайтыс болған азаматтардың туған-туысқандары мен отбасыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтқан болатын.
«Алматыда содыр-лаңкестердің қолынан әкімшілік ғимараттар ғана емес, бейбіт тұрғындардың мүлкіне де залал келді. Сондай-ақ жүздеген бейбіт тұрғын мен әскери қызметшінің денсаулығы мен өміріне қатер төнді. Осы трагедиялар кезінде қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтамын», - деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қаскөйлікке барған адамдардың бәрі қатаң жазаланатыны айтты.
«Біздің тарихымыздағы осы бір қиындықты тез арада еңсеретінімізге ешқандай күмән жоқ. Ең бастысы, болашақта мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу керек. Мен құрған ведомствоаралық топ содырлар мен лаңкестерді іздеумен және оларды ұстаумен айналысады. Олардың бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп азаматтарымызға уәде беремін. Барша қазақстандықтан өтінерім, сақтық танытып, барынша қырағы болыңыздар. Күмәнді адамдардың қандай да бір күдік тудыратын белсенді әрекетін байқасаңыз, құқық қорғау органдары мен жедел желілерге хабарлаңыздар», - деді Қ.Тоқаев.