«Басынан соғып, үш рет зорлаған»: алып қашудың құрбаны болған қыздың ата-анасы жігітті жазалауды сұрайды

ашық дереккөз

Жаға ұстатар жағдай  Шымкент қаласында болған, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық порталының тілшісі «НемолчиКZ» қоғамдық қозғалысына сілтеме жасап.  

24 жасар қызды алып қашу оқиғасын Дина Смайылова Facebook парақшасына жариялады. Оған қыздың анасы көмек сұрап хат жолдаған.

«Не деген ауыр қылмыс! Сұмдық!  Қыз өсіріп отырсыз делік, оны оқытасыз, бар жақсыны алып бересіз, оның алға қойған мақсаты мен армандары бар. Күндердің бір күні оны бір еркек ұнатып, ұрлап кетеді. Телефонын тартып алып, жақындарына хабарласуға рұқсат бермейді. Ол «маған тиіспеңізші» деп көмек сұрайды. Қашуға тырысады. Бірақ қызыңызды ұстап алып, қамап қояды. Бір түнде үш рет зорлап, қорлап, ар-намысын таптайды», – деп жазыпты Дина Смаилова.

1

Анасының мәліметінше, қызды алып қашқан «күйеу жігіт» 34-те. Ажырасқан. Бірінші әйелімен 12 жыл отасқан екен. Қызбен әлеуметтік желіде танысқан. Бірнеше рет мейрамханада кездесіпті. Сондай кездесулердің бірінде жігіт достарымен қызды көлікке отырғызып, мал сияқты ұрлап кеткен. Оқиғаны кафедегі даяшылар мен маңайда кетіп бара жатқан тұрғындар көрген. Бірақ көмеккет асықпаған. Жігіттер жан дауысы шыққан қызды Бәйдібек ауданындағы Шақпақ ауылына алып қашқан.

«Бұл еркек қызымды күштеп төсекке тартқан. Басын дуалға соғып, бір түнде 3 рет зорлаған. Бірақ ешқандай қанды байқамаған соң, оны пәк емессің деп кінәлап, қуып жіберген. «Кетсең кете бер. Мені ешкім соттай алмайды. Телефонда екеуіміздің сөйлескен хабарламалар бар. Менің кінәм емес, өзің кінәлісің» деп жібере салыпты», – деп жазды қайғыдан қан жұтқан анасы.  

Оқиға алдында жігіт қыз үйінің алдына қалың малға деп 1,5 миллион теңге және маталар салынған екі пакет тастап кеткен. Кейін оларға «қыздарыңды алып кетіңдер» деп хабарласқан.

«Ол қызымыздың тағдырына балта шапты. Біз Полиция департаментіне арыз жаздық. Бірақ нәтиже жоқ. Істі бірден жауып тастады. Прокуратураға да шағымдандық. Бәрі бас тартуда. Бармаған жер, баспаған тауымыз жоқ. Бұл жағдай қызымызды сындырды. Тіпті өзіне қол жұмсамақ та болды.» – дейді анасы.

Дина Смаилованың пікірінше, «қауіпті күйеудің» бұл сорақы әрекеті алғаш рет емес. Бұған дейн бірнеше рет қыз ұрлап, осылай жасауы мүмкін.

«НемолчиКZ» қоғамдық қозғалысының жетекшісі ҚР Ішкі істер министрінен «алып қашу» оқиғасына қатысты істі жеке бақылауға алуын сұрады.