Қарағанды қаласының 11А ықшамауданында қазақ тілінде білім беретін су жаңа мектеп есігін ашты. Мерекелік жиынға қатысқан Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тіледі.
«Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен өткен 3 жылда осындай жаңа 8 мектеп бой көтерсе, алдағы 3 жылға тағы да 15 мектептің құрылысы жоспарланған. Құрметті ұстаздар, қымбатты балалар, бүгін ашылып жатқан жаңа мектеп құтты болсын!»– деді облыс әкімінің орынбасары.
600 орындық заманауи мектеп ата-аналардың көңілінен шықты. Бірнеше жылға созылған құрылыстың сапалы өтуін назарда ұстадық дейді Аманат партиясының өңірлік филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков.
№14 мектеп-гимназиясында 723 бала бар. Оның 107-сі бірінші сынып оқушысы. Мектеп соңғы технологиялармен жабдықталған, әдемі, биік, жарық. Қонақтар Hi-tech, Арт-студио, үлкен спорт залы және денсаулыққа пайдалы өнімдер ұсынатын асхана сынды мектептің маңызды бөліктерімен танысып шықты.
«Төрт бірінші сынып құрылды, онда 107 бала оқиды. Оныншы сыныптар: біреуі гуманитарлық бағытпен, екіншісі – жаратылыстану -математикалық. Педагогтар № 95 мектептен ауыстырылды. Сондай-ақ конкурс бойынша жетіспейтін мұғалімдерді жинадық», – дейді №14 мектеп-гимназия директорының м.а. Өрікбай Аринов
Қарағанды облысында жаңа оқу жылының басталуы дәстүрлі салтанатты жиындармен және сынып сағаттарымен атап өтілді. Өңірдегі 405 мектептің 173 мыңнан астам оқушысы үшін мереке ұйымдастырылды.
Мектеп табалдырығын алғаш рет 18 мыңнан астам бірінші сынып оқушысы аттады. Биыл 11 сыныпты жеті мыңға жуық оқушы аяқтайды.