Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды жеке қабылдады. Қабылдауға Қарағанды, Шахтинск, Приозерск қалаларының, Қарқаралы ауданының тұрғындары келді, сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы өзге өңірден өтініш білдірушілер өз мәселелерін жеткізді. Көтерілген сұрақтар тұрғын үймен қамтамасыз етуге, абаттандыруға, жер қатынастарына, жұмысқа орналасуға, дәрілік қамтамасыз етуге және инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты болды.

Қарағанды қаласының тұрғыны Деповская көшесінде көше жарығының жоқтығын және жолға жөндеу жүргізу қажеттігін айтты. Инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Аталған көшеде кәріз желілері ауыстырылған, қаржыландыру бөлінгеннен кейін биыл асфальт төсеу және жарықтандыру тіректерін орнату жоспарланып отыр.

Бірқатар өтініш берушілер тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін көтерді, олардың арасында мүгедектігі бар азаматтар және өрт салдарынан баспанасыз қалған адамдар бар. Оларға әлеуметтік қорғалатын санаттарға жататын азаматтарға тұрғын үй беру тәртібі түсіндірілді.

Барлық өтініштер қолданыстағы заңнама нормаларын ескере отырып, жеке тәртіппен қаралатын болады.
