BANNER

Қазақстанда идеологиялық және саяси әралуандыққа кепілдік беріледі

Фото: Life09

Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әралуандық ресми түрде танылады. Бұл норма Қазақстан Республикасының Конституциясы 6-бабында бекітілген.

Аталған бапқа сәйкес, барлық қоғамдық бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекет қоғамдық бірлестіктердің ісіне заңсыз араласа алмайды, ал қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік органдардың қызметіне араласпауы тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік органдарда саяси партия ұйымдарын құруға тыйым салынған.

Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге, елдің тұтастығын бұзуға, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруге немесе әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық және діни араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктерді құруға және олардың қызметіне жол берілмейді. Бұдан бөлек, заңнамада көзделмеген әскерилендірілген жасақтар құруға тыйым салынады.

Сонымен қатар, Қазақстан аумағында басқа мемлекеттің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының қызметіне, сондай-ақ діни негіздегі саяси партиялар құруға рұқсат етілмейді. Саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік тұлғалардың, шет мемлекеттердің немесе халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына да заңмен шектеу қойылған.

Коммерциялық емес ұйымдардың шетелден алатын қаражаты мен активтері туралы ақпарат Қазақстан заңнамасына сәйкес ашық әрі қолжетімді болуы тиіс.

Сарапшылардың айтуынша, бұл нормалар елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, ұлттық қауіпсіздікті қорғауға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.