Астана қаласындағы Nazarbayev University-де профессорлық-оқытушылық құраммен және студенттермен кездесу өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен алдағы референдумның маңызы түсіндірілді.
Кездесу барысында референдум – азаматтардың мемлекеттік маңызы бар шешімдерді қабылдауға тікелей қатысуының маңызды тетігі екені атап өтілді. Сондай-ақ ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің елдің құқықтық жүйесін дамытуға, қоғамның тұрақты дамуына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталғаны айтылды.
Жүздесуде Астана қаласы мәслихатының депутаты Сауле Самидин референдумның қоғамдық маңызына тоқталды.
«Референдум – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды қадам. Сондықтан әр азамат ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін терең түсініп, болашақ үшін саналы таңдау жасауы қажет», – деді ол.
Филиал өкілі Ербол Сихимбаев мұндай кездесулердің маңызын атап өтіп: «Ғылыми орта мен жастардың белсенді қатысуы – қоғамның дамуы үшін аса маңызды. Осындай ашық диалог алаңдары жаңа Конституция жобасының мазмұнын жан-жақты түсіндіруге және азаматтық жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді», – деді.
Nazarbayev University – Қазақстандағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі. Университет толықтай ағылшын тілінде білім беріп, жоғары білікті мамандар даярлауға, әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулер жүргізуге және инновацияларды өндіріске енгізуге бағытталған.
Дереккөз: referendum2026.kz.

