Аэротакси. Ертең деген ертегі емес...

Archer Aviation

Бұрындары тек қана фантастика жанрында көретін құрылғыларымыз бұл күнде өмірімізге дендеп еніп келе жатыр. Оны тіпті өзіміз байқамай да қаламыз. "Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан жаңа" деген мақалдың мәні кетті дей алмаспыз. Бірақ, өміріміздегі өзгерістер елу не болмаса жүз жылда емес, араға 10 жыл салып  өзгеруде.  Сіздер мен біздер жаңа технологияның қарқынды дамуына куә болудамыз.

Режиссер Люк Бессонның 1997 жылы шыққан "Бесінші элемент" фильмін еске алып көрелікші. Көшеде ерсілі-қарсылы ұшқан қоғамдық көліктерді ең алғаш осы фильмнен көрдік. Бұл құбылыс алдағы уақытта фантастика болудан қалғалы тұр.

Американың United Airlines авиакомпаниясы 2025 жылы eVTOL Archer Midnight деп аталатын аэротакси жобасын іске асырмақ. Жоба бойынша ең көп қолданыстағы  маршрут таңдалып алынбақ, Оның бірі қаланың ортасынан қала сыртындағы әуежайға бару маршруты. Бұл маршрутты аэротаксимен 10 минутта өтуге болады екен. Ал, күнделікті өмірде қолданып жүрген көлігімізбен бұл аралықты 1 сағат ішінде өтеді екенсіз. Бұл әрине кептеліс көп болмаған жағдайда дейді.

Сонымен, жоба бойынша бұл көлік түрі вертикаль ұшып, дәл солай вертикаль қона алатын болады. Қарапайым сөзбен айтқанда  ұшу әдісі тікұшақ секілді  болмақ. Ұшқыш, әлде, жүргізушіден бөлек 4 жолаушыны жүгімен алып жүре алмақ. Бұл аппарат 160 шақырымға дейін ұшып баруға қабілетті. Сондай-ақ, әр сапардан соң  қуаттап алуға 12 минут қажет. 6 аккумуляторы бар eVTOL Archer Midnight сағатына 240 шақырым жылдамдықпен ұша алады деп есептелуде.