Фотошоппен өңделген суреттерді желіге жүктеуге тыйым салынады

ашық дереккөз

Бұл туралы белгілі журналист Бибігүл Жексенбай өзінің Фейсбуктағы парақшасына жазды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі. Әңгіме Норвегия мемлекетіне қатысты. Жуырда аталмыш елдің королі Харальд V ерекше заңға қол қоюы керек. Жаңа заң күшіне енген соң жасанды сұлулық атаулыға әлеуметтік желіде күрес болары сөзсіз.

«Заң жобасына сәйкес, Норвегияда әлеуметтік желіге фотошоппен өңделген суреттерді  арнайы белгісіз жариялауғы тыйым салынады.  Бұл талап Instagram, Facebook, Snapchat, TikTok және Twitter-дегі посттарға қатысты. Жасыратыны жоқ, норвегиялық қыздардың арасында кірпік жабыстырып, жасанды тырнақ, үлкейтілген ерін , т.б. да көрмеген едім. Табиғи және рухани  сұлулыққа көбірек назар аударатыны байқалатын. Енді егер блогер немесе инфлюенсер суретте бет әлпетін жасанды әдемілеп, өзгеріс енгізіп, оны жақсарту үшін маска мен фильтр қолданса, суретті желіге жарияламас бұрын редакцияланғанын білдіретін арнайы белгіні пайдалануы міндетті. Заманауи заң мақсаты – жастар мен жасөспірімдер арасында сұлулық туралы жалған стандарттың қалыптасуына тосқауыл қою. Заң авторларының айтуынша,  жастар мен жасөспірімдер жасанды стандарттарға ұмтылып, түрлі әрекеттерге барып жатыр», – деп жазды журналист.   

Айта кетейік, отбасы және балалар істері туралы министрліктің Маркетинг туралы заңына өзгеріс енгізу туралы бастамасын норвегиялық 72 депутат қолдап, 15-і қарсы болған.  Заң Норвегия королі Харальд бесінші қол қойғаннан кейін күшіне енеді.