Мутуализм

Ашық дереккөз

Мутуализм – табиғатта кеңінен таралған құбылыс. Ол ағылшыннан аударғанда «mutual – өзара» деген мағынаны білдіреді. Оны анығырақ түсіну үшін биологиядағы селбесуден айырмашылығын біліп алу керек. Селбесіп тіршілік ету кезінде екі серіктестің біреуіне пайдалы болса, екіншісіне мүлде пайда әкелмеуі мүмкін. Ал мутуализмді алып қарайтын болсақ, процесс кезінде екі жақ та пайда көреді.

Мутуализм дегеніміз не? Өсімдіктер мен жануарлар мұндай қарым - қатынасқа түсе отырып, бірге өмір сүрудің өз артықшылықтары мен жеңілдіктерін көреді. Мәселен, серіктестің бірі екіншісін азық – түлік тасушы ретінде пайдаланады. Ал екінші серіктес есесіне жаулардан қорғануға және көбеюге қолайлы жағдайын жасайды. Табиғатта мутуализмге мысалдардың түр – түрі бар. Тіршілік иелерінің бір түрі жеткілікті қорек алады да, ал оның орнына серігінің тұқымын таратады не  паразиттік ағзалардан босатады.

Мутуализмге мысал ретінде актиния мен клоун - балықтарды алуға болады. Клоун – балық актинияға жақын жүзіп барып, өзін шағуға мүмкіндік береді. Актиния оны шағу арқылы балықтың тері жабынындағы бөлінетін шырышты «зерттейді». Клоун – балықтың тері жабынындағы шырыштың құрамы актинияның қармауышын жауып тұратын шырыштан еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан, актиния өз тұрғындарына зиян келтірмейді. Солай клоун – балық басқа жыртқыш балықтардан актиния арқылы қорғанады. Ал балық өз актиниясын тазалап, онымен азық бөлісу арқылы есеп айырысады.

Сафариде туристтер (бородавочник) қабанның жайбарақат жатқанын, ал оның қасында көп мангусттер жүргенін байқайды. Тіпті кейбірі қабанның (бородавочник) үстіне шығып алған. Ал ол селт етпейді, тыныш қана жатыр. Қабандар эксперті Энди Пламптре ең алғашқылардың бірі болып осы қызық көріністі зерттейді. Бұл Сахараның оңтүстігінде басқа да жануарларда жиі кездесетін мутуализм. Кей құстар осылайша зебра, мүйізтұмсық, басқа да ірі сүтқоректілердің үстінде «жайылып», оларды түрлі паразиттер мен жәндіктерден тазалайды. Олар құстарды арқасына отырғызып алады. Бұлай тіршілік ету құсқа да, арқасы жыбырлауы басылатын жануарға да қолайлы. Қабан мен мангусттер де тура осылай жасайды. Қабан келіп, жерге жата қалады. Мангусттер де келе жатқан қабанды көріп, оны «қарсы алады» да, өз жұмыстарын жасауға кіріседі. Тіпті, қабанның құлағына дейін зиянды жәндік пен паразиттер, кенелерден тазалап береді. Мангусттердің қарны тоқ, қабанның жаны жайлы. Екі жақта пайда көретін құбылыс.

Үкі кейде ұясына кішкентай жыланды әкеп қояды. Жылан үкінің балапандарына әкелген тағамына маза бермейтін жәндіктерді жейді. Соның арқасында үкінің балапандары тез өседі, әрі аз ауырады. Табиғатта бұлай селбесіп тіршілік ететін өсімдік, аң – құстар, балықтар өте көптеп кездеседі.