Қазандық зауытының хәлі қалай?

авторлық

«Қыстың қамын жаз ойла» демекші ызғар білінгенге дейін жылыту қазандықтарының жағдайын қамдап алған дұрыс. Заман дамыған сайын отынды тонналап жағатын ескі пештердің орнын жаңа қазандықтар басты. Аптасына бір рет қана көмір салсаңыз болды, ақылды қазандық баппен өз ісін атқара береді. Осы бір қазандықтардың қайда, қалай дайындалатыны көпке қызық. Соны білмекке LIFE09 ақпараттық агенттігінің тілшісі Қарағандыдағы қазандық зауытының жұмысымен танысып қайтты.

«Қарағанды қазандық зауыты» ЖШС инновациялық технологиялар, экологиялық жану технологияларын сақтай отырып тұрғын үй, өндіріске арналған, автоматты түрде ұзақ жанатын қазандықтар шығарады. Компанияның мақсаты – атмосфераға зияны аз қазандықтар жасау. Кәсіпорынның дамуындағы жаңа бағыт – қалдықтарды жойып жіберетін пештер өндірісі. Яғни, органикалық заттар сияқты қалдықтарды термиялық өңдеу арқылы жоюға арналған қондырғы жасау.

Сонымен қатар, «Қарағанды қазандық зауыты» ЖШС белгілі бір технологиялық процестер кезінде (кептіру, күйдіру, агломерация, отынды жағу және т.б.) ауаны және бөлінетін газдарды құрғақ тазалауға, сондай-ақ аспирациялық ауаны тазартуға арналған екі сатылы циклондарды да шығарады. Олар қара және түсті металлургия, химия, мұнай және машина жасау өнеркәсібінің кәсіпорындарында, құрылыс материалдары өнеркәсібінде, энергетикада және т.б. қолданылады. Ауаны тазарту мүмкіндігі 99,6% дейін жетеді. Түсінікті тілде айтсақ, өндіріс ошақтарынан бөлінетін шаң-тозаңды, газдарды сорып әкететін құрылғы. Өндірісті аймақ саналатын Қарағанды аймағы үшін мұндай технология аса қажет.

«Біздің зауыт 10 жылдан аса уақыт жұмыс істейді. Көбіне санға емес, сапаға жұмыс істейміз. Біздің өнімдерді жалғыз Қарағанды емес, басқада облыстар сатып алады. Көрші Ресейден де тапсырыстар түсіп жатады.Зауытта өндірістің әрбір кезеңінде барлық өнімдерді өндірудегі технологиялық процестер мен жағдайлардың тұрақтылығын растауға және тауарлардың барлық белгіленген техникалық регламенттер мен сапа стандарттарына сәйкестігін тексеруге мүмкіндік беретін сапа жүйесі енгізілді. Шығарылатын әрбір өнім сертификатталады»,- дейді «Қарағанды қазандық зауыты» ЖШС директоры Игорь Верещагин.

2021 жылы металл бұйымдары мен металл конструкцияларын шығаратын цехтың құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін компания «Сбербанкке» қаржыландыруға өтінім берген. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 13,5%-дық несиенің 7,5%-ы субсидия арқылы берілді. Нәтижесінде кәсіпорын несиені жылдық 6 % мөлшерлемемен өтейді.

«Мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа апараттар сатып алып, өндіріс қуатын 4 есеге дейін арттырдық. Жаңа техника алған соң өнім сапасы да едәуір жақсарды. Жаңа жұмыс орындарын аштық. Болашақта жаңа цех ашуды да жоспарлап отырмыз»,- деп атап өтті зауыт басшысы Игорь Верещагин.

«Қарағанды қазандық зауыты» нарықта 10 жылдан астам жұмыс істеп келеді. Компанияның аккредитті зертханасы мен 2500 ш.м. астам өндірістік аймағы бар. Қазіргі таңда 30-ға жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Осы уақытқа дейін зауыт 10 000 қазандық жасап шығарған. Компания басшылығы алдағы уақытта өнідіріс қуатын арттырып, 10-15 адамды жұмыспен қамтимыз деп отыр.