Қазақстанда Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасы әзірленеді

Fototerra.ru

Елімізде ауылды дамытудың арнайы тұжырымдамасы қабылданады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов құжатты осы жылғы 1 қазанға дейін дайындауды тапсырды, деп хабарлайды LIFE09.kz тілшісі.

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәлімдеуінше, Ұлттық жобаны іске асырудың нәтижесінде 2021 жылы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 96%-ды құрады (қалаларда – 98%, ауылдарда – 93%), моно- және шағын қалаларда инженерлік және көлік инфрақұрылымының тозуы 57,6%-дан 45,5%-ға дейін төмендеді, 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, нормативтік жай-күйдегі республикалық маңызы бар жолдардың үлесі 90%-ға дейін (жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 80%-ға дейін) өсті, сондай-ақ 112 мыңға жуық тұрақты және уақытша жұмыс орындары құрылды.

Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің назарын «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша бюджеттік кредиттер беру жөніндегі кейбір көрсеткіштердің орындалмағанына аударды.

«Жыл соңына дейін көп уақыт қалған жоқ, сондықтан осы жұмысты жандандыру қажет. Жобалардың іске асырылуы әкімдер мен жауапты орталық мемлекеттік органдар басшыларының ерекше бақылауында болуы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов 2022 жылғы 1 қазанға дейін Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының жобасын әзірлеуді тапсырды. Жобаны әзірлеуге Ұлттық экономика министрлігі жауапты. Сонымен қатар оған мүдделі мемлекеттік органдармен бірге облыстардың әкімдіктері де атсалысуы тиіс.

Сондай-ақ Үкімет басшысы  облыстардың әкімдіктеріне ұлттық жобаның индикаторларына сәйкес қоныс аударушыларды қабылдауды, орналастыруды және қолдауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасында ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, кәсіпкерлікті және агроөнеркәсіпті дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру, тұрғындардың Интернет желісіне қол жеткізуін ұлғайту және тағы басқа кешенді іс-шаралар қамтылады.