BANNER

8 сәуірден бастап бизнес ашуға арналған мемлекеттік гранттарға өтінімдер қабылдау басталады

Фото: gov.kz

Business.enbek.kz порталында 8 сәуірден бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға онлайн-өтінімдерді қабылдау басталады. Бірінші лекке Қарағанды облысының тұрғындары үшін 92 грант бөлінді.

Төлем мөлшері 400 АЕК құрайды. Грант жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде беріледі.

Грант алуға үміткерлер:

- тіркелген жұмыссыздар;

- жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі үш жылға дейін).

Бұл ретте үміткер мынадай әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс:

- көп балалы отбасы мүшелері-көп балалы жәрдемақы алушылар (жұбайы, зайыбы);

- қоныс аударушылар және олардың еңбекке қабілетті отбасы мүшелері;

- мүгедек бала тәрбиелеушілер (жұбайы, зайыбы);

- аз қамтылған отбасы мүшелері;

- асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы алушылар;

- "қандас" мәртебесі бар тұлғалар;

- мүгедектігі бар адамдар.

Грант алу шарттарымен танысып, өтінімді 19 сәуірге дейін Business.Enbek.kz порталында тапсыру қажет.

Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығы