Нұра ауданына жаңа әкімі тағайындалды

Қарағанды облысы әкімдігінің сайты

Қарағанды облысының Нұра ауданында әкім ауысты. ҚР Президенті Әкімшілігінің және аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша бұл қызметке Бақытжан Мылтықбайұлы Мұқанов тағайындалды. Бұған дейін ол Қарағанды облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, жаңа әкімнің кандидатурасын ұсынды. Депутаттар бір ауыздан мақұлдады.

Ауданның бұрыңғы әкімі Аян Шалмағанбетов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

- Біздің ауданымызға үлкен көңіл бөлінгені үшін облыс басшылығына алғысымды білдіргім келеді. Дамуға "Жұмыспен қамтудың жол картасы", "Ауыл — ел бесігі" бағдарламалары бойынша қаражат бөлінді. Атқарылған жұмыстар аз емес, бұл жұмыстар жалғаса береді, - деп атап өтті Аян Шалмағанбетов.

Өңір басшысы Аян Шалмағанбеовке атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, жаңадан тағайындалған әкімге табыс тіледі.

Бақытжан Мұқанов Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін "Жылу және атом электр станцияларын салу" мамандығы бойынша бітірген. 2005 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Жаңаарқа ауданында бөлім маманынан әкім орынбасарына дейінгі қызметтік жолдан өтті. 2020 жылғы тамыздан бастап осы уақытқа дейін Қарағанды облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында жұмыс істеді.