«Самұрық - Қазына» қоры берген гипотермия аппараттары қарағандылық 23 нәрестенің өмірін сақтап қалды

ашық дереккөз

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан бірыңғай қайырымдылықтың операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржыландыруымен жүзеге асқан «Басқарылатын гипотермия» жобасының соңғы нәтижелерімен бөліссек. 2021 жылдың мамыр айынан 2023 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта автоматты гипотермия жабдықтарының алты аппараты арқылы 40 жаңа туған нәресте құтқарылып отыр.  

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қазіргі заманғы гипотермия аппараттары мен энцефалография мониторларын өткен жылдары Қарағанды, Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларындағы бес облыстық перинаталдық орталық және Шымкент қаласының қалалық перинаталдық орталығы алған. Жабдықтардың жалпы құны 132 миллион теңгені құрайды.

Мысалы: Қарағанды облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығында автоматты гипотермия аппаратында ауыр және орташа ауыр асфиксиямен туған 23 бала аман қалды. Гипотермия аппараттары орнатылғаннан кейін Ақтауда – 8, Шымкентте – 7, Талдықорғанда – 2 сәбиге күтім жасауға пайдаланылды.

Балқаштық Рыспек Салтанат қызының дүниеге келгенін еске түсіргенде көз жасын тыя алмайды. Оның айтуынша, қызы ауыр гипоксиямен – оттегі жетіспеушілігімен дүниеге келген. Бала амниотикалық сұйықтықты жұтып, өздігінен демала алмаған. 

«Қызым Әдемі қозғала алмады, көзін ашпады. Әдеміге реанимация бөліміндегі гипотермия аппаратын қосып қойды. Бір аптадан кейін мен  Қарағандыға келдім, оған дейін мені Балқаш перзентханасының дәрігерлері жібермеді. Ал тағы бір аптадан кейін Әдемі қозғалып және өздігінен демала бастады. Қазір оның жағдайы жақсы», - деп есіне алды Салтанат.

Осыған ұқсас оқиға Жансәуле Жантөренің ұлы – кішкентай Әмірдің де басынан өтті. Ол да амниотикалық сұйықтықты жұтып қойып, босанудан кейінгі алғашқы күндер қорқынышты түстей  өтті. Бала өкпені жасанды желдетуге қосылған гипотермия аппаратында жатты.

«Маған реанимацияда ұлыма күтім жасауға рұқсат етті. Мен оның жөргектерін ауыстырып,  сағаттап бетіне қарап отырдым, кіп-кішкентай боп аппаратта  жатқанын көрдім. Қорықтым,  себебі мұндай құрылғыларды тек кинодан көргенмін. Мен оған саулық тілеп, аман қалуы үшін дұға еттім», - деп еске алды Жансәуле.

Мамандандырылған жабдық пайда болғанға дейін реанимацияда қолда бар құралдармен механикалық гипотермия қолданылған. Бұл әрқашан қанағаттанарлық нәтиже бермеді. Қажетті температураны 72 сағат бойы тура 34 градус ұстап тұру, ал содан кейін баланы біртіндеп жылыту өте қиынға соқты. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «AYALA» қайырымдылық қорымен серіктестікте көрсеткен көмегінің арқасында перинаталдық орталықтардың реанимацияларында бұл еңбекті көп қажет ететін үдеріс енді толық автоматтандырылған. Нәтижесі - онда құтқарылған балалардың өмірі мен функционалдық денсаулығы.

«Соңғы айтылған сандарға қарайтын болсақ, «Басқарылатын гипотермия» жобасының жемісі әсерлі болып отыр. 2021-2022 жылдары біз нәрестелер өлім-жітімінің деңгейі мен балалар реанимациясын алдыңғы қатарлы медициналық техникамен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрған 6 өңірге арналған жабдықты сатып алуға 132 млн. теңге сомасында қаржылай қолдау көрсеттік. Денсаулық сақтау саласындағы өңірлік жобаларды қолдау - «Самұрық-Қазына» АҚ үшін маңызды басымдықтардың бірі.  Бұл еліміздегі балалар өлімін қысқарту сынды өткір әлеуметтік мәселелені шешуге  компаниялар тобымыздың қосқан үлесі», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.

Терапиялық гипотермияны жаңа туған нәрестенің өмірінің алғашқы сағаттарында қолдану қажет. Аппарат жаңа туған нәрестенің дене температурасын автоматты түрде біртіндеп төмендетеді және ондаған сағат бойы оны қажетті деңгейде ұстайды. Тек бұл бала ағзасындағы метаболизмді өзгертуге, оның бас миын глюкозамен қамтамасыз етуге және сол арқылы орталық жүйке жүйесінің жасушаларын қорғауға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Гипотермия аппаратына жиынтықта жүретін амплитудалық электрэнцефалография мониторы дәрігерлерге қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге көмектеседі.