Арқаның арда болмыс Қойлыбайы

Шалқар радиосы

Саналы ғұмырында талай биікті бағындырып, көптеген атақ-абыройға бөленсе де, талай лауазым-мансаптың дәмін татса да, өзінің қарапайым болмысы, табиғи қалпынан айнымай, айналасына арай шашып жүретін парасатты жандар болады.  Менің Қойлыбай ағам да – «екі жақтап алып шығар ақылы мен еңбегіне» сенген ақжүрек, аяулы жан, ардақты азамат. Туған жері - небір даңқты тұлғаларға   бесік болған, төсін тұлпарлар дүбірлеткен, өнерпаз перзенттері ән мен күйге бөлеген Жаңаарқаның алақандай ғана Ақтау ауылы. Шопанның шаңырағында дүниеге келіп, бойына жөргектен жусанның иісі сіңіп, тобылғының киесі, аршаның жұпары дарыған. Бала күнінен даласымен сырласып, табиғатымен етене болған. Жасынан қазына кеуде қарттардың ғажайып мұрасы көкірегіне құйылған, небір тарлан ақын мен шешеннің, небір күміс көмей әншінің әні, небір дәулескер күйшінің сиқырлы сазы сарайына саулаған.

Жалын атқан жастық дәурені ешқашан мызғымастай көрінген КСРО-ның шаңырағы күйреп, дүние дүрбелеңге толған кезеңге дәл келді. Ел егемен болған тұста,   1991 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. Сол бір ұлттық рухтың дүр етіп оянған уақытында, сан жылдар ұмыт болып, өшуге айналған айтыс өнерінің жаңғырып, кең қанат жаюына зор еңбек сіңіріп, өнер сахнасында алдаспандай жарқырады. Республикаға танымал Баянғали Әлімжанов, Серік Құсанбаев, Құдайберлі Мырзабеков, Шорабек Айдаров, Әзімбек Жанқұлиев, Мұхаметжан Тазабеков, Жадыра Құтжанова сияқты ақындармен сынға түсіп, төл өнеріне сусап қалған ұлтының ықыласына бөленді, алғаусыз пейіліне шомылды.

Күйші Сайдалы Сары Тоқаның 130 жылдығы, Кенішбай ақынның 125 жылдығына арналған ақындар айтыстарында топ жарып, бас бәйгені иемденсе, Төле бидің 330 жылдығы, Қабанбай батырдың 300 жылдығы сияқты республикалық деңгейдегі түрлі айтыстарда жүлделі орындарға ие болды. 1989 жылы Шымкент қаласында өткен халықаралық студент-жастар айтысының жеңімпазы атанды.

 Кейін облыстық «Замандас» жастар апталығы, «Орталық Қазақстан» газеттерінде тілші қызметін атқарған уақытында ағамыз жаңа шығармашылық өріске бет алып, көсемсөз майданында ұлттық өнер мен мәдениеттің жоғын жоқтады, мұңын мұңдады. Біздің осы толқынды танып, ағалық қамқорлық, аялы алақандарының табын сезінген тұстарымыз осы кезеңге дәл келеді.  1993-1996 жылдар аралығында Қарағандыда шығатын облыстық «Шипагер» газетінде бас редактор болып қызмет етті. Басылым денсаулық, медицина бағытында болғанмен, редакция сол тұстағы таланттардың бас қосып, сырласатын өнер ордасы, ортасына айналған. Сол шаңырақта талай жас өнерпаз алғаш өлеңдерін оқып, ағаларының батасымен өнер көгіне самғап еді...

Қойлыбай аға 1998 жылдан бері Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті журналистика кафедрасында қызмет істейді. Ғылым әлеміне құлаш ұрып, ұлағатты ұстаздық жолға бет бұрды. Бұл күнде сандаған шәкірті әлемді шарлап, отанымыздың әр қиырында ел игілігіне еңбек етіп жүр. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстан Республикасының  мәдениет қайраткері.

«Жылымық жылдар жаңғырығы» (публицистикалық,2004), «Е.А.Букетов - публицист» (ғылыми зерттеу,2006), «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» (монография,2010), «Сөз өнері және журналистика» (оқу құралы,2012) кітаптары жарық көріп, ғылым өрісіне сүбелі үлес қосты.

Қойлыбай аға - Қарағандыда өткен 1986 жылғы Желтоқсан қозғалысына қатысушы. Сол жылдары студент жастарға үгіт жүргізуші һәм ұйымдастырушы ретінде ішкі істер органдарында бірнеше рет тергеуде болып, әкімшілік жазаға тартылған. Кейіннен баспасөз беттерінде «Желтоқсанның қара желі» («Замандас» 1991), «Желтоқсан қазаққа не берді» («Орталық Қазақстан» 2006ж) атты мақалалары жарық көріп, сол уақыттың біраз шындықтарын ашып айтты.

Бүгін - ақын, журналист, ғалым, ұстаз, қайраткер ағамыздың туған күні. «Қазақтың дәл өзіндей қарапайым» (Мұқағали) ағамыздың деніне саулық, еңбегіне жеміс, шаңырағына бақыт-береке, шығармашылығына шалқар шабыт пен зор табыстар тілейміз!