Конституциялық комиссияның VIII отырысында Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай мемлекеттің жария-құқықтық жауаптылығын Ата Заң деңгейінде бекітуді ұсынды.
Спикер мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекетсіздігі мәселесіне ерекше назар аударды. Дәл осы әрекетсіздік құқықтардың ең жиі бұзылуларына әкеледі. Бұл – өтініштерді қарау мерзімдерінің созылуы, міндетті шешімдердің қабылданбауы, сот актілерін орындаудан жалтару, қызметтік міндеттерге формалды көзқарас таныту. Соның салдарынан адам құқықтық белгісіздікжағдайында қалады, яғни оның құқықтары танылғанымен, іс жүзінде іске асырылмайды.
«Әрекетсіздік кезінде де, заңсыз әрекеттер жасалған жағдайда да билік өкілеттіктерін жүзеге асырудың заңда белгіленген тәртібі бұзылады және жеке тұлғаның мүдделеріне нұқсан келеді. Осындай сын-қатерді ескере отырып, мемлекет азаматты заңсыз әрекеттер мен шешімдер қаупінен барынша қорғау үшінөзара іс-қимыл рәсімдерін тұрақты жаңартып, іс жүргізу заңнамасының тиімділігін арттырып отырады», - деп атап өтті Серік Ақылбай.
2021 жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қабылданып, қолданысқа енуі де көп жайттан хабар береді. Кодекс мемлекеттік аппараттың құқықтық санасына түбегейлі өзгеріс енгізіп, «азамат бәрін өзі дәлелдеуге тиіс» деген түсініктен «егер азаматта мемлекеттік органдар шешімдерінің заңдылығына күмән туындаса, керісінше, соның заңдылығын дәлелдеу – мемлекеттік органның міндеті» қағидатынакөшуге мәжбүр етті.
«Қылмыстық қудалау, әкімшілік мәжбүрлеу, лицензиялау, жер және салық салаларындағы жағдайлар ерекше сезімтал, өйткені бұл салаларда билік тарапынан жіберілген қателер немесе өкілеттіктерді теріс пайдалану елеулі әрі ұзақ мерзімді салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттің жария-құқықтық жауаптылығын конституциялық деңгейде бекіту мәселесін көтеру маңызды. Бұл азаматтық-құқықтық жауаптылықтың дәстүрлі институтын толықтырады, жеке адам мен жария билік арасындағы бұзылған тепе-теңдікті қалпынакелтірудің тиімді құралы болады», – деді комиссия мүшесі.
Мұндай жағдайда зиянды өтеу өтемдік, превентивтік және құқықтық-тәрбиелік сынды бірнеше функцияны атқарады. Құқық қолдану тәжірибесі көрсеткендей, зиянды өтеудің нақты реттелген әрі конституциялық кепілдендірілген тетігі болмаса, азаматтар дәлелдеу қиындықтарына, мемлекеттік органдардың формалды көзқарасына және сот процестерінің созылуына тап болады.
Бұл құқықтарды қорғаудың тиімділігін төмендетіп, жария биліктің жауаптылығы қағидатының өзіне нұқсан келтіреді. Сондықтан көптеген құқықтық жүйелерде мұндай құқық конституциялық деңгейде бекітіледі.Қазақстанда бұл бағыт азаматтық заңнама, әкімшілік сот ісін жүргізу және сот практикасы арқылы дамып келеді.
«Конституциялық Сот бұзылған құқықтарды қорғаудың шынайылығы мен тиімділігінің маңызын дәйекті түрде көрсетіп келеді. Зиянды өтеу құқығын тікелей Конституцияда бекіту заң шығарушы үшін де, соттар үшін де маңызды бағдар болар еді. Ал қоғам тұрғысынан бұл мемлекетке сенімді күшейтіп, оны тек басқарушы орган ғана емес, өз шешімдерінің салдары үшін жауап беретін институт ретінде қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Серік Ақылбай.
Сонымен бірге, Серік Ақылбай азаматтардан түскен орынды ұсыныстар назардан тыс қалмағанын, бұл қоғам мен мемлекеттің ашық әрі сындарлы диалогының айқын көрінісі екенін жеткізді.
«Сондықтан мен жобаны бүкілхалықтық референдумға шығару жөнінде бұдан бұрынайтылған ұсынысты қолдаймын», – деді Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы.
Белгілі заңгер зиянды өтеу құқығынтікелей Конституцияда бекіту туралы ұсынысты қолдады
Фото: Life09
