Қарағанды облысында 1–15 наурыз аралығында әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне енгізуге өтініштер қабылданады. Бұл мәртебе дамуға және мемлекеттен қолдау алуға мүмкіндік береді.
Ол үшін Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасына (Әлиханов көшесі, 13) 306 кабинетке келу керек, не болмаса ЖК немесе заңды тұлғаның тіркелген жері бойынша қалалар мен аудандардың кәсіпкерлік бөлімдеріне құжаттарды тапсыру қажет.
Толық ақпарат келесі телефон нөмірі бойынша: (8-7212) 50-38-76.
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісі бола алатындар:
- халықтың әлеуметтік осал топтарын жұмыспен қамтамасыз ететін кәсіпкерлер;
- бірінші санаттағы халықтың әлеуметтік осал топтарына тауарлар өткізуге, жұмыстар орындауға және қызметтер көрсетуге ықпал ететін кәсіпкерлер;
- мүгедектігі бар адамдар үшін тауарлар шығаратын не әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық қызметтер көрсететін және басқа да қоғамдық пайдалы бағыттар бойынша кәсіпкерлер;
- отбасын, баланы және ананы қолдау, білім беру бағдарламаларын іске асыру, даму ерекшеліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау, әлеуметтік қызметкерлер мен волонтерлерді оқыту, қоршаған ортаны қорғау және басқа да көптеген қызмет түрлері саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер.