BANNER

Су тасқынына дайындық: Қарағанды облысында өзен арналары, су өткізу құбырлары, арналар мен арықтар тазартылуда

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында су тасқыны кезеңіне дайындық жалғасуда. «Қазгидромет» пен ТЖ департаментінің мәліметінше, 15 наурыздан бастап ауа температурасының көтерілуі күтілуде, бұл қардың қарқынды еруіне алып келуі мүмкін. Бүгінгі таңда өңірде гидрометеорологиялық жағдай тұрақты.

Өзендер қысқы режимде, ал гидравликалық мониторинг тәуліктің жарық уақытында әр төрт сағат сайын жүргізіледі. ТЖ департаментінің қызметкерлері қарды, су өткізгіш құбырларды, каналдар мен арықтарды тазалау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізуде.

Су тасқынына дайындық бойынша атқарылған жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

– Су тасқыны қаупі бар өзендердің шамамен 20 км арнасы және 26 км дренаж және су бұру жүйелері мен арналары тазартылды. 20 наурызға дейін оларды тазалау жұмыстары толығымен аяқталады, – деп хабарлады төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Ысқақов.

Ол сондай-ақ су басу қаупі бар барлық елді мекендердегі жағдай тұрақты бақылауда екенін атап өтті.

Қарағандының Оңтүстік-Шығысына ерекше назар аударылады. Мұнда тұрғын алабтарын су басудың алдын алу үшін ұзындығы 2 шақырымға жуық арна қазылып, нөсер жүйесі мен қабылдау камералары тазартылды.

– Биыл топырақтың күзгі ылғалдану деңгейі нормадан жоғары, алайда облыстың көп бөлігінде қату тереңдігі өткен жылмен салыстырғанда төмен, – деп атап өтті «Қазгидромет» МКК Ұлытау облысы және Қарағанды облысы бойынша филиалының гидрология бөлімінің басшысы Ілияс Сейтқалиев.