Ұлытау облысында экология департаментінің басшысы Дастан Тілеубеков сотталды, - деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.
Дастан Тлеубеков және оның орынбасары ҚК-нің 366-бабының 3-бөлігінің 2,4) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал пара берген екі кәсіпкер ҚК-нің 367-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, параның жиырма есе көлемінде айыппұл төлеуге сотталды.
Бірінші кәсіпкер (ТА) – 35 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл, екінші кәсіпкер (АС) – 70 000 000 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.
8 қаңтарда антикор қызметкерлері Ұлытау облысының экология департаментінің басшысы Дастан Тлеубековті ұстағаны белгілі болды.
Шенеуніктің ұсталғаны туралы ақпаратты Ulysmedia дереккөздері растады. Тлеубеков жер қойнауын пайдаланушыға жұмыс істеуге рұқсат бергені үшін «BASS Gold» компаниясынан 2,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.
Айта кетейік, Дастан Тлеубеков 2022 жылдың қыркүйегінен бері Ұлытау облысының экология департаментінің басшысы қызметін атқарды. Ол бұған дейін Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Экологиялық сараптама және рұқсат беру басқармасының басшысы болған.
BASS Gold (бұрынғы Форпост) - алтын өндірумен айналысатын компания. Оның активтеріне Үшшоқы (Ұлытау) және Чинасыл-сай (Алматы облысы) алтын кен орындары кіреді. BASS Gold негізін қалаушылар – Шыңғыс Сәдуақасов пен Ерлан Тасболатов.
Экология департаментінің міндеттеріне қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, экологиялық бақылау және қызметке рұқсат беру кіреді.