2023 жылы Нобель сыйлығын кімдер алды?

Ғаламтор

Нобель сыйлығын кімдер алды?

Осы аптада ғылым саласы бойынша әлемдегі ең беделді марапаттардың бірі Нобель сыйлығының лауреаттары анықталды. Нобель сыйлығы жыл сайын физика, химия, медицина, әдебиет, экономика, бейбітшілік салаларында жетістікке жеткен ғалымдарға, қайраткерлерге беріледі.

1901 жылдан бастап үздіксіз беріліп жүрген марапат ғалымдардың жылдар бойғы еңбегінің мойындалуының көрінісі. Мұндай мәртебелі марапатқа ие болғандардың көпшілігі АҚШ азаматтары. Бүгінге дейін Нобель сыйлығына 412 америкалық ие болған. Ең көп лауреат атанған елдер бойынша АҚШ-тан кейін 137 лауреаты бар Ұлыбритания және 115 лауреаты бар Германия орналасқан.

Нобель лауреаттары шыққан ғылым ордалары санынан да Гарвард, Стэнфорд, МІТ сынды АҚШ университеттері алдыңғы қатарды иеленген.

2023 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығы ирандық құқық қорғаушы және елдегі әйгілі Эвин түрмесінің тұтқыны Наргес Мохаммадиге «Ирандағы әйелдердің қысымына қарсы күресі және адам құқықтары мен бостандығын насихаттаудағы күресі үшін» берілді. Осылайша, ол «демократияның дамуына қосқан үлесі және Ирандағы әйелдер мен балалар құқықтарын қорғағаны үшін» 2003 жылғы Нобель бейбітшілік иегері атанған Шырын Эбадиден кейін осы марапатқа ие болып отырған екінші ирандық азамат атанды. Наргес Мохаммадиды марапаттау Ирандағы «Әйел. Өмір. Бостандық» қозғалысына Нобелдік комитеттің құрметі ретінде қарастырылды.

Медицина саласындағы Нобель сыйлығын Каталин Карико және Дрю Вайсмен алды. Нобель комитеті оларды COVID-19-ға қарсы вакцина жасауға көмектескен ғылыми жаңалығы үшін марапаттаған.

Физика бойынша марапат Пьер Агостини, Ференц Крауш және Анна Л’Улье есімді ғалымдарға берілді. Олар 2001 жылы аттосекундтық физика саласының негізіне айналған сәтті эксперимент жасауымен белгілі болған еді. Ғылыми қауымдастық аталған ғалымдардың еңбегін «атомның ішіне үңілуге мүмкіндік берді», деп бағалап отыр.

Ал химия саласындағы биылғы Нобель сыйлығының лауреаттары америкалық ғалымдар – Мунджи Беуенди, Луи Брус және Алексей Екимов. Ғалымдарға марапат «кванттық нүктелерді ашқаны және синтездегені» үшін берілген.

Әдебиет бойынша марапат норвег драматургі Ион Фоссеге берілсе, экономика саласында Нобель сыйлығына америкалық зерттеуші Клаудия Голдин лайық деп танылды. Нобель комитетінің мәліметінше, марапат «еңбек нарығындағы әйел рөлі ұғымын түсінуге» қосқан үлесі үшін берілді. Оның еңбектері кейінгі 200 жылдағы еңбек нарығындағы гендерлік теңсіздіктің себептерін зерттеуге арналған. Өткен ғасырларда әйелдер еңбегі туралы ресми ақпарат болмағандықтан, авторға архив қорларынан дереккөздерді іздестіру және мәліметтер базасын құру үшін нақты детективтік зерттеу жүргізуге тура келген. Міне, сол қажырлы еңбегі әйелдер мен ерлер арасындағы жалақы мен мансаптық мүмкіндіктердегі алшақтықты біртіндеп азайтуға көмектесті.

«Әйелдің еңбек нарығындағы рөлін түсіну қоғам үшін маңызды. Клаудия Голдиннің зерттеуінің арқасында біз қазір негізгі факторлар туралы және болашақта қандай кедергілерді жою керек екені туралы көбірек білеміз», деді экономика ғылымдары бойынша сыйлықтар комитетінің төрағасы Якоб Свенссон.

Голдин Альфред – Нобельді еске алуға арналған экономикалық ғылымдар бойынша Швеция Ұлттық Банкінің сыйлығымен марапатталған үшінші әйел.

Биылғы Нобель сыйлығын алған ғалымдар тізіміне талдау жүргізе отырып, әйелдердің қоғам мен ғылымның әртүрлі саласындағы маңызды жетістігін айқын көруге болады. Осылайша, Наргес Мохаммади, Клаудия Голдин және Каталин Кариконың Нобель марапатын иеленуі әлемдегі гендерлік теңдікке деген ұмтылыста әйелдер белсенділігінің мәртебесін көтерді.

Әлемдегі ең беделді марапатқа қатысты тағы бір дерек. Нобель сыйлығына ұсынылғандар туралы ақпар жарты ғасыр бойы құпия сақталады. Тек 50 жыл уақыт өткеннен кейін Швед академиясы мұрағаттарды ашады. Мәселен, 2017 жылдың қаңтар айында ақын Анна Ахматованың Нобельге ұсынылғаны анықталды. Әдебиет саласы бойынша 1966 жылы ең мәртебелі атаққа үміткер болған ақын есімі 5 наурыз күні өмірден өтуіне байланысты тізімнен алынған.

Ал құнды сыйлықтың ең жас лауреаты – 17 жастағы Малала Юсуфзай есімді қыз. Пәкістандық бойжеткен мұсылман елдерінде әйелдерге білім алу құқығының берілуі жолында күрескен. Оған жоғары марапат 2014 жылы бейбіт өмір жолында жүргізген күресі үшін табысталған. Юсуфзай 11 жасынан бастап BBC арнасында блог жүргізу арқылы танымал болған.

Сыйлық математиктерге берілмейді. Себебі Нобельдің пікірінше, марапатқа лайықты жаңалық немесе өнертабыс адамдарға пайдалы болуы керек.

Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,                 

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы

 

egemen.kz