Көпір құлап, 100-ге жуық адам қаза тапты (ВИДЕО)

Ашық дереккөз

Үндістанның Гуджарат штатындағы Морби қаласына жақын маңдағы Маччху өзенінің үстіне 140 жыл бұрын салынған аспалы көпір құлап, 90-нан аса адам қаза тауып, ондаған адам із-түзсіз жоғалды, - деп хабарлайды The Times of India басылымы.

Басылым мәліметінше, қаза тапқандар саны 100 адамнан асуы мүмкін. Қайғылы оқиға жексенбі, 30 қазанда кешке болған. Апат кезінде көпірде бес жүзге жуық адам болған, оның көбі әйелдер мен балалар.

Болжам бойынша, көпірдің конструкциясы жиналғандарды көтере алмаған.

Оқиға орнында құтқарушылар тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр. Ондаған адам ауруханаға жеткізілді.

ХІХ ғасырда салынған көпір бірнеше күн бұрын ғана жөндеуден кейін ашылған болатын. Бұл ретте, жекелеген БАҚ-тың мәліметінше, ол тиісті рұқсат құжаттарсыз қолданысқа берілген.