"ӨМІР ДЕГЕН--КҮНДІ АЙНАЛУ" ӘНІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

Ашық дереккөз

"Өмір деген--Күнді айналу"--"ХХ ғасырдың  20 сәті" атты поэманың эпилогы еді. Бұл жыр өткен ғасырдың 1973-77 ж.ж. жазыла бастаған-ды. Бала кезден ойда жүрген дүние. 1977 жылы мен Ресейдің Пенза шахарында әскери борышымды өтеп, елге  қайттым. Жыр Қызыларайға аяғым тиген бетте қағаз бетіне түскен...

Одан кейін де жиырма шақты нұсқасы жасалды деуге болады. Поэмамен алғаш танысқан Ақселеу Сейдім бек пен Кеңшілік Мырзабек жылы лебіздерін білдірген. Бұл жыр "СҚ"-ның жәшігінде біраз жатып, 1981 жылы осы газеттің соңғы бетін түгел алып, "Құрлықтар" деген атпен жарияланды. Содан Жазушылар Одағының поэзия секциясында Кеңшілік Мырзабеков баяндама жасап, қызу талқылынды. Жұматай Жақыпбек, Ұлықбек Есдәулет қуана қолдады.1984 жылы сол кездегі цензура мен жабық рецензиялардың сүзгісінен әрең өтіп,  1984 жылы"Жалын" баспасынан жарық көріп еді.

Табылды Досым осы кезде Каз Гуде оқып жүрген, бір күні мені жатаханасына шақырып алып, осы әнді айтып беріп еді...

Табылдының атақ-даңқы бізден бірде кем емес еді: қазақтағы алғашқы бард ақыны! Оның түп-төркіні Кельт халықтарында жатыр. Олар өздерінің королдері мен ел-жұртының ерліктерін гитараға салып жырлаған. Таяуда біздің бір шәйір "мен де бардпын..." деп, теледидардан әңгіме соғып отыр... Табылдының аруағынан ұят емес пе?! Ол бұл топырақта бұрын- соңды болмаған ұлттық құбылыс еді ғой?! Онымен жағаласуға көшедегі көрінгеннің хақысы жоқ! Ақындығы --азаматтығындай! Азаматтығы--ақындығындай еді!Табылды бақидан фәниге кеткен соң, бұл  ән айтылмай қалды... 20 жылдай уақыт өткен. Биыл Қарағанды облысының әкімі жас ақын-жазушыларды жинағанда Мақсат Күземханов деген жас ақын өз өлеңін оқымай, осы әнді айтты! Арқам шымырлап, өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай, Табыл тіріліп кеткендей, арқам шымырлап кетті...

Табылды мектебінің парталары әлі бос тұр... Соған алғашқылардың бірі болып отырғалы жатқан осы Мақсат Күземханов-ау деп ойлап жүрмін. Талантты ақын. Музыкаға деген ілтифат-құрметі де ерекше. Тек жалынсыз, дарынсыздардан жұғатын "мания-величия" деген соқпа дертке ұшырап қалмаса болғаны...

 

Серік Ақсұңқарұлы