Қайғылы тағдыр – қайран Мағжан

Фейсбук

мағжан

Қайғылы тағдыр – қайран Мағжан

 

1977 жыл. Қаңтар айының бас шені. Жұмыс бөлмеме (Қазақ әдеби қорының директоры кезім) бір келіншек қолтығынан демеген бәйбіше келді. Реңді кісі. Жоғары шығарып, диванға жайғастырдым. Жөн сұрастық. Мағжан аға Жұмабаевтың жұбайы Зылиха апай екен. Маған шаршаңқы кейіппен қарап:

- Мені "халық жауының қатыны" деп бұл литфондыға жолатпай қойған, жолаттырмай қойған, Мағжан ағаңның әлгібір "достары", - деп мырс етті де: - Қалқам, Мағжанды білесің бе? - деді.

- Білем, апай, білмегенде ше?! Менде бес-алты өлеңінің, "Батыр Баян" дастанының көшірмелері бар, - дедім. "Қыз-келіншек кезіңізде тым сұлу болғанға ұқсайсыз, Мағаң "Бәрінен де сен сұлуды" сізге арнаған-ау!" деп ойлап та үлгірдім.

- Сені маған сырттай таныстырған Мұрат ініңнің (Мұхтар Әуезовтің баласы) айтуымен келдім. Ал енді бұйымтайымды айтайын, - деді де, өз өмірін қысқа ғана әңгімеледі. Жасы сексенге іліккен. Зейнетақысы мардымсыз, пәтерақыдан онша артылмайтын көрінеді.

- Апай, қағаз деген пәлесіз ештеңе реттелмейді ғой, өтініш жаза қойыңыз, - деп бір парақ қағаз бен қалам ұсындым.

Қордың "Қайтыс болған жазушылардың отбасы мүшелеріне жәрдем" дейтін бабы бар еді, соның негізінде ақшалай көмек көрсеттім. Апай риза болды. Содан кейін де жыл сайын кейде бір мәрте, кейде екі мәрте жәрдемдесіп жүрдім.

...Зылиха апаймен шүйіркелесіп жүрген күндердің бірінде ол кісіге:

- Апай, Мағаңның қолыңызда бар шығармаларының бәрін маған беріңіз, мәшіңкелетейін, түптетіп, әзірлеп қояйын, айымыз оңынан туатын күн болар, сонда баспаға тапсыра қоюға дайын тұрсын, жарай ма? - дедім.

Апай пәтерінің аула жақтағы терезесіне мойнын бұрып, сыртқа көз тастап, бірер минөттей үнсіз отырды да:

- Ғаббас қалқам, саған сенемін, - деді. Дауысы дірілдеп шықты. Жүрегім жұлқып қалғандай бір күй кешіп, өнебойым ыси қалды. Сол әредікте маған жайлап бұрылып қараған апайдың көзінен жас төгіліп кетті...

Мағаңның өлең-дастандары, әдеби аудармалары жарияланған гәзет-жорналдарды іздеп табу, көшірме жасатып алу, әрине, апайға қиын болған. Ақы-пұлын төлеу былай тұрыпты, кедергі-кесір жетерлік кездерде ашық іздеудің өзі қандай тәуекелді қажет етті десек ше?!. Күйеуіне жағылған күйені кетіру үшін жан тыныштығын ұмытқан, Мағаң алғаш тұтқындалғанда соңынан «Итжеккенге» барып, одан Мағаңның хатын Мәскеуге, Максим Горькийге жеткізген, Мағаңның ол жолы ақталуына бірден-бір себепші бола білген, ал екінші рет тұтқындалған ерінен айрылған соң бүгінгі бізге де, келер ұрпаққа да қажет қыруар іс тындырды. Қолынан келгенінше қорғанбай қимылдап, сырға, жүзік, сақина, алқа атаулысын сатып, гәзет-журнал редакцияларынан Мағжан ағаның әдеби мұрасын жинап, сақтап бақты. Мағаңның шығармаларын жинап, сақтап, қызғышша қорып, бізге жеткізгені үшін-ақ Зылиха апайдың аруағын құрметтеуге тиіспіз.

- Мен таба алмаған өлеңдері, басқа да дүниелер әлі де бары сөзсіз. Мені «халық жауының қатыны» деп архивтерге маңайлатпайтын, гәзет-журнал редакциядағылармен тіл табысу да оңай бола бермеді. Кеңшілік болар күн туса, Мағжанды іздеушілер шығар, қалғанын солар тауып алар... - деп ойлана сөйлеп сәл кідіргені, одан соң таңданысты үнмен: - 1923 жылы Тәшкенде араб әрпімен шыққан өлеңдер жинағын Ғабит Мүсірепов ағаларың алып еді, біржарым жыл болды, неше рет телефон соқсам да, қайтарып берер емес, - деп, маған сұраулы кескінмен қарағаны әлі көз алдымда.

- Ғабеңмен сөйлесермін, берер, - дегенмін. Иә, Ғабеңе телефон шалып, ниетімді айттым.

- Солай ма-а? - деді соза сөйлейтін дағдысымен.

- Кітап керек болып тұр, бүгін бе, ертең бе, тезірек беріп жіберіңізші! — дедім. Біраз үнсіздіктен кейін:

- Жарайды, - деді.

Кітаптағыларын, гәзет қиындысындағыларын, мәшіңкемен, қолмен көшірілгендерін жинақтап, реттеп, апаймен келісім бойынша төрт дана етіп мәшіңкелеттім. Екі томға бөліп түптеттім. Біріншісіне "Батыр Баян", "Қорқыт" дастаңдары мен 221 өлеңін, екіншісіне Максим Горькийдің Ана туралы әңгімелерінің, Мамин-Сибиряктан, т.б. аударғандарын, мақалаларын топтадым. Ол жұмысқа төлер ақы өзіме ауырлау болған тұста сыралғы інім Мұрат Әуезовпен ақылдасып едім, ол сөзге келместен көмектесті. Әдеби қор мүшелеріне Жарғымыз бойынша жылда, не жылара ақшалай көмек беретін ретіміз бар-ды. Мұратқа «Шығармашылық жұмыс кезіндегі материалдық жәрдем жасау» деген бап негізінде өтініш жаздырып, «130 сом берілсін» деп қол қойып, бухгалтериядан алдырып, баспалармен байланыс жөніндегі қызметкеріміз Тойболдыға Мұраттың көзінше тапсырдым. Бір «қызық» жәйт: кейінде (2014 жылы болар), Мұраттың бір сұхбатынан: «Олжас бар бәріміз Мағжанның шығармаларын жинап құрастыруға ақша жинап бердік» деп менің аты-жөнімді атапты. «Жасырын кітаптың» жасалатынынан Олжас мүлде хабарсыз болды. Неліктен екенін білмеймін: Мұрат інім Олжасты орынды сыннан қорғаштап, мадақтап жүреді, оны «поэт от бога» деп те шашбаулап, сынағандарды маймылға теңегені бар. Мен, әрине, Мұраттың «ақша жинап бердік» деген жалған сөзіне жауап қайтардым...

Фотосуреттерді қарап отырғанымызда он бес шақты адам топ болып түскен біріне көз тоқтатып:

- Апай, мына фотода кімдер бар, қай жылғы? - дегенмін.

- Бұл, егер ұмытпасам, Мағжан бірінші тұтқыннан босағаннан кейін Мәскеуде болғанымызда сондағы жолдастарымен, таныстарымен түскені ғой деймін... Мәскеуде достары, жолдастары болды. Александр Блокпен, тағы басқа ақындармен араласқан. Блокпен бірге театрға екі-үш рет барғанбыз.

- Мына фотода Блок жоқ сияқты, ал Мағаң қайсысы? - дедім. Блоктың фотоларын сан көргендіктен оның мұнда жоқтығына шүбәләнбадым, ал бейнесі көзімізден ерте таса болған Мағаңды тани алмадым.

- Блокпен де фотоға түскеніміз есімде, бірақ, ол фотоны алған-алмағанымды білмеймін, "байтал түгіл бас кайғы" болғанда неміздің, қайда қалғанын білер ес болды ма бізде?!. Иә, аңдағыда Блок жоқ, ал Мағжан бар... - деп апай аса ажарлы жігіт бейнесін сұқ саусағымен нұсқаңқырады да, сонсоң басындағы сары шағи орамалының бір ұшымен әуелі Мағаңның бейнесін, одан кейін басқаларын ақырын ғана сипай сүртіп, бір күрсініп қойды...

- Апай, бұл фотоны да алайын, үлкейттірейін, - дедім.

- Ала ғой, - деді.

Мағаңның фотобейнесін қолжазба-кітап көлеміне сай 17x22 см. еттіріп төрт дана жасаттым да, бірінші томдарының беташарына желімдедім. Гәзет-журналдарда Мағаңның шаршаңқыраған кейіптегі фотосы шығып жүрген. Бұйрасындау шашы маңдайын жабыңқыраған, өзі бұйығыңқыраған күйдегісі. Ал мына фотосында Мағаң - жігіттің сұлтаны! Бір көргенде-ақ талай көзді суырып ала жаздаған шығар дерлік сұлу бейне!

...Жасырын жасалған (самоиздат) сегіз кітапты Зылиха апайға алып бардым.

- Апай, міне, дайын болды! - дедім, қуанышымды жасырмай.

- Рахмет, қалқам!.. Рахмет!.. Көп... жүз жаса! - деп қалбалақтаған апай көз жасына ие бола алмай, кітаптарды кезек-кезек сипалай берді...

Кітаптың біреуін апайдың өзінде қалдырып, өзгесін: мемлекеттік архивке, орталық кітапханаға, Әнуар Әлімжановқа бермек болғанбыз. Соны ескеріп:

- Мен үшеуін апарып тапсырайын, сіз әуре болмаңыз, жарай ма? - деп едім, апай басын шайқап, білезікті оң қолын сілтеп:

- Қалқам, мен басқаша ойлап отырмын. Архивке, кітапханаға тапсырмайық, оларды Әбділда Тәжібаев алып, құртып жібереді, ол Мағжанға тірісінде жау болып еді, өлісінде де әлі жау... Жоқ, кітапты оның қолына түсірмейік! Біреуін Әнуар Әлімжановқа бер, біреуін өзің ал, біреуін... Олжас Сүлейменовке бер, - деді, әншейіндегі қоңыр үні шыңылдаңқырап шығып.

Тілегін орындадым. Томдардың алғы бетін өзгерткен жоқпын, онда "архивке тапсырылды" деп қазақ, орыс тілдерінде қысқаша сілтеме-түсінік жазғанмын-ды.

Әнуар өзіне тапсырылғанды: "Сен архивші-тарихшысың ғой, сенде болғаны дұрыс шығар" деп жазушы Амантай Сатаевқа сыйлапты. Ал екітомдықтың басқа данасын бір күні Жазушылар одағы кеңсесінің подвалынан тауып алдым. Сол жылы, кеңсе күрделі жөндеуден өткізілгенде, босатқан кабинеттерде қала берген кітаптар подвалға түсірілген екен. Әлдебір мерейтой алдында бір кітаптар керек болды да, ақын жолдасым Сабырхан Асанов екеуіміз подвалдың кілтін алып түскенбіз. Кітаптар ортаға үйіліп тасталған екен. Сабырхан аңырып тұрып қалып: "Астапыралла! Мынау сұмдық қой!" - деді. Шынында солай болғанмен, не істерсің, керегімізді іздеуге кірістік. Бір тұстан өзіме таныс қос қоңыр томды көріп қалдым да, дереу ұмтылып барып алдым. "О не? Не кітап?" деді Сабырхан. Мен көрсеттім, айттым. (Жазушылар одағындағы қызметінен Кинематография комитетінің төрағалығына ауысып кеткен Олжастың кабинетінде қалған кітаптармен бірге шығарып тасталғанын түсіндім). Сабырхан: "Маған берші!" деді, құмарта қалып. Көңілін жықпадым, бірінші томын бердім. Ал екінші томын жазушы-сыншы профессор Тұрсынбек Кәкішев: "Мағжан Жұмабаевтың аудармалары туралы зерттеу еңбек жазуыма керек еді" деп сұрап алды.

Мағаң толық ақталды. Қуанышымызда шек болған жоқ. Баспадан алғашқы жинағы шықты. Бір күні апайға барып, құттықтап:

- Апай, көңіліңіздегі пәлен батпан зілден құтылдыңыз ғой, сүйінішіңіз ұзағынан болсын! - дедім. Апай құшақтап, бетімнен сүйді де:

- Отыршы, саған бір нәрсе айтайын. Мағжанның ақталғаны, кітабы шыққаны - халқына куаныш, маған кеш болса да, аздап болса да бақыт. Біраз жасарып та қалдым, - деп жымиды. - Бірақ... - Апай қабақ шытты. Дөңгелек көзі кіреукеленді. – Орыстар: "сила есть, ума не надо" дейді ғой, солай болды. Анау цекадағылар күш көрсетуден әлі де танар емес, кітаптың алғысөзін әлгі Әбділда Тәжібаевқа жаздырды, менің қарсылығыма қарамады, ұятсыздар!..

- Апай, оған қамықпаңыз, Тәжібаев та, цекадағылар да жұмырбасты пенделер емес пе, - деп жұбатқан болдым. Ал апайдың наразылығы орынды еді.

- "Жұмырбасты" дейсің, шақшабастыларда да аздаған ақыл болуы керек қой?! Өмір бойы Мағжаңды жамандап келген Әбділда Тәжібаев аяқастынан мағжаншыл бола қалыпты! Одан басқа жаза алатындар жоқ болғаны ма? Тым болмаса мына тірі отырған менің қарсылығыма құлақ қойса еді? "Е, ол кемпірдің бары не, жоғы не" дегендері ме?!. Партияның орталық комитетіненмін деп нығызданып бір жігіт келді, бетінің бәрі түк пе, біртүрлі, қиқоңыз сияқты сүйкімсіз. "Сіз келіспесеңіз де, алғысөзді Әбділда Тәжібаевқа жаздырамыз!" деп күш көрсетіп кетті. Сөйлесейін, хал-жағдайын білейін, пікірін естиін деп келмепті, сіресіп кіріп, сіресіп шықты. Бірдеңетай Бірдеңебеков деді ме... аты-жөні... Мен ғұмырымды Мағжанды жоқтаумен өткіздім, бірінші тұтқындалғанда соңынан Сібірге барып сенделдім, ал айырылып аңырап қалғаннан кейін оның жазғандарын жинауға кірістім, редакциялардан, КазГУ-дің архивінен іздеп, көрінгенге жалынып, жаутаңкөз болып, аш-жалаңаш жүріп жинадым, - дегенінде апайдың көзінен жас домалап-домалап кетті. Мен жұбатып бақтым. - Цекасы бар, баспасы бар бәрінде... жап-жас жігіттер... жүректері қандай қатты... аппақ басыммен жалынсам да, ешбірі жібімеді... бәрі күшті екен баяғыдай... Ғаббас қалқам, анау-мынау бос сөзді айтып, сені шаршатып жібердім бе, кешір!

- Шаршатқан жоқсыз, апай, олай демеңіз, ал бізге керегі - сіздің енді қажымауыңыз, қайраттана түсуіңіз. Мағаңның ұлы тойы басталып кетті, топ ортамызда өзіңіз болып, талай салтанатты көресіз, яғни, өткеннің керегі жоқтарын есіңізге ала бермеңіз, күшіңізді сақтаңыз, апай!

- Қалқам, Мағжанның қуғын көретіндей, "халық жауы" деп құртып жіберетіндей жазығы болған жоқ. Ленинді, революцияны ұнатпай бір-екі өлең жазған, айыбы сол шығар. Онысын да анау баққүндестері өршіте айтып, асқыңдырып жіберді... Жарықтық білімді адам еді және айтқанынан қайтпайтын, ешкімнен именбейтін еді. Бірінші рет қамалып, шығып келген соң осы Алматыда оған жұмыс бермей қойды, гәзит-жорналға жолатпай қойды. Бірде түн ортасында өңі қап-қара болып келді, миына қан құйылып кететін шығар деп қорықтым, құдай сақтады, әйтеуір. "Анау төрешіктер мені жындандыратын шығар. "Сталин жолдастан, партиядан, халықтан кешірім сұрап хат жаз!" деп қинап бітірді. Мен шаршадым, қажыдым. "Нендей айып тақсаңдар да, не деп жазсаңдар да мейілдерің, әкеліңдер, бәріне қол қойып беремін дедім де, қол қойып беріп құтылдым, жинала бер, ертең елге кетемін, бұларға қарамды көрсетпеймін, енді өлігімді ғана көрер!" деді... Сөйтіп, Қызылжарға кеттік. Бірақ онда да тыныштық болмады, қызметке алмады. Амал не, ақырында зоотехник болды, бір жамиғатының жәрдемімен. Қарап отырып өле ме енді... Бір айдан кейін ол жұмыстан да босатты, Алматыда қалған "достары" айқай салыпты: "халық жауына қамқорлық жасаушылар табылды!" деп... Көп сөйлеп кеттім-ау, қояйын осымен. Қайсыбірін айтарсың... - Апай орамалының ұшымен кезін тағы сүртті. Содан кейін: «Жазушы» деп аталатын баспадан бір жігіт келіп, менен өзің жасап қойған екі томды сұрады, естіген ғой. «Мағжан ағаның ақталғанына бәріміз қуанып, кітабын тез шығармақпыз» деді. Мен екі томды ұсынып отырып: «Бұларды Ғаббас Қабышев дайындаған, бірінші томының алғашқы бетінде жазулы, соны атап жазыңдар» деп едім, шіркіндер жазбапты», - деді ренжулі үнмен.

- Апай, оны еске алмай-ақ қойыңыз, маған Мағаңның жинағы шыққаны ғана керек еді ғой, - дедім.

...Кейінде қайсыбір гәзеттерде шаң беріп қалып жүрген "Мағжан Жұмабаевтың хаты" Мағаңның "қол қойып беріп құтылдым" хаты болды.

Қолдарына түссе, адам тұрғай, құдайды ұрып өлтіруге дайын қарапиғылдыларға қор болдың-ау, қайран Маға!..

Жасы тоқсанға тақалған Зылиха апай: «Мағжанның сүйегі қайда қалғанын кім білсін, туған жердің топырағы ең, болмаса, маған бұйырсын» - деп Солтүстік Қазақстанға, Қызылжарға қоныс аударып, сонда (1991 ж) бақиға аттанды.

 

Ғаббас Қабышұлы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

(жазушы, публицист)

«Қазақ үні» газеті, 6 сәуір, 2018 ж.

 

(Ақпарат фейсбук парақшасынан алынды)

мағжан ақын