Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
– Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет, - деді Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
Айта кетейік, қазіргі таңда ірі кен орындарының өнімін бөлу келісіміне сай жұмыс істеп жатқан жобалар қатарына «Теңіз», «Қарашығанақ», «Қашаған» секілді ірі мұнай-газ кен орындары бар.
Мәселен, «Теңіз» кен орнын игеруге қатысты келісімге 1993 жылы қол қойылды. Ол 40 жылға, яғни 2033 жылға дейін есептелген. Ірі кен орындарының ішінде бірінші кезекте осы кен орнының келісім мерзімі қаралады.
Сол секілді 2038 жылы «Қарашығанақ», 2042 жылы «Қашаған» кен орындарының келісім мерзімі аяқталады.
Күні кеше «Қашағаннан» алғашқы мұнай партиясы Баку портына жіберілді. Қазақстандық «Taraz» танкері Ақтау портынан жолға шықты.