Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Абат Айымбетов Түркия чемпионатында өнер көрсететін "Адана Демирспор" командасына ауысты. Бұл туралы Life09 ақпарат агенттігі "Адана Демирспор" клубының Instagram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов Түркия Суперлигасының клубы, "Адана Демирспорға" ауысты. Қос тарап 1,5+1 жүйесі бойынша келісімшарт жасасты. Яғни Абат Түркияның командасында кемінде 1,5 жыл доп тебеді. Егер шабуылшының нәтижелері клуб басшылығының көңілінен шықса, келісімшартты тағы бір жылға созады.
Абат Айымбетов кәсіпқой футболшы мансабының көп бөлігін Қазақстан Премьер лигасының клубтарында өткізді. Атап айтсақ, "Ақтөбе", "Қайрат", және "Астана" командалары сапында ойнады. Сонымен қатар Ресейдің "Крылья Советов" ұжымында да өнер көрсетті. Өткен маусымда "Астана" сапында ҚПЛ-дың 25 матчына қатысып, 8 рет мергендігімен көзге түсті және 3 рет нәтижелі пас берді. Соның арқасында елордалық команда Қазақстан Премьер Лигасында 2-орын алды. Ал Абаттың жаңа командасы қазір Түркия Суперлигасында 8-орында келеді. 23 матчта 31 ұпай жинады. "Адана Демирспор" футбол клубының сапында Марио Балотелли, Луиш Нани және Флоран сияқты Еуропа футболының алыптары доп тебеді.