BANNER

Қарағанды тұрғыны жаралы үкіні құтқарып, қамқорлығына алды

Қарағанды облысының әкімдігі

Кейде бір сәт бүкіл тағдырды өзгертуі мүмкін. Қарағандылық Анар Шаймерденова қала сыртында жүргенінде далада жаралы үкіге көзі түседі. Құс ұша алмайтын күйде еді – бір қанаты қатты зақымданған. Сол мезетте Анар оны құтқаруға бел буған. Осылайша бір ғана қанатпен де өмір сүруге болатынын, егер жанында жанашыр адам табылса, үміт пен мейірімнің жалғаса беретінін дәлелдейтін оқиға басталды.

– Демалыс күндері отбасымызбен қала сыртына шықтық. Бұқар жырау ауданында, Қарағандыдан шамамен 110 шақырым жерде үкіні байқап қалдым. Ол ауыр қимылдап, дыбыстан шошып, жасырынуға тырысты. Қатты қиналып тұрғаны анық көрінді. Жанынан жай өтіп кете алмадым. Оны ақырын орамалға орап, көлікке салдым, су бердім де, қалаға алып келдім. Жолда ветеринарлық клиникаларға хабарластым, бірақ кешкі уақыт болғандықтан, барлығы жабық екен. Үкі менің үйімде түнеп, таңертең травматологқа апардық, – дейді Анар Шаймерденова.

Дәрігерлердің болжамы расталды: сүйегі сынғанына біраз уақыт болғандықтан тіндерінде некроз басталған. Қанатты сақтап қалу мүмкін болмай, ампутация жасауға тура келді.

Отадан кейін Анар құсты үйіне алып келіп, мамандардың кеңесіне сүйене отырып, күтімге алған. Ол орнитологқа да жүгініп, құстың жынысы мен жасын анықтатты: бұл – сегіз айлық аталық үкі болып шықты.

Құтқарушы оған «Қанатик» деп ат қойды. Қалпына келу ұзақ уақыт пен тұрақты күтімді қажет етеді. Анар бұл жауапкершілікті толық өз мойнына алды: күніне екі рет пинцетпен тамақтандырады, укол салады, жарасын өңдейді, антибиотик пен ауырсынуды басатын дәрі береді.

Әлеуметтік желідегі достары да қолдау көрсетті – кең тор сатып алуға көмектесті. Тор жеткізілгенше, Қанатик балконда тұрып, күш жинап жатыр.

– Бұл менің жабайы құспен алғаш рет қарым-қатынасым. Қанатик өте жуас, адамға бауыр басады. Қасында отырып, сөйлескің келеді. Бұл мен үшін тек жаңа тәжірибе ғана емес, үлкен жауапкершілік, – дейді Анар.

Құс толық сауығып, күш жинаған соң, ол оны жақсы адамдарға және жабайы құсқа барынша жайлы ортаға тапсыруды жоспарлап отыр.