Қазақстандық дзюдошы Нұрлыхан Шархан Парижде өткен Grand Slam жарысының қола жүлдесіне ие болды. Ол әлемдік жарыстың кіші финалында Айх Даниэльден (Швейцария) басым түсті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.
Нұрлыхан Шархан іріктеу кезеңінде қарсылас шақ келтірмей, өз тобынан үздік шықты. Ол алғашқы айналымда Натаниэль Киваны (АҚШ), одан кейін әлем рейтингінің үшінші орнында тұрған Нидерланды спортшысы Майкл Коррелді ұтты. Ширек финалда Александр Куколды (Сербия) қосымша уақытта вазари ұпайымен ұтып, жартылай финалға шықты.
Жартылай финалда екі дүркін әлем чемпионы испаниялық Николоз Шеразадишвилимен кездесіп, қарсыласына есе жіберген болатын.
Айта кетерлігі, Парижде өткен Grand Slam жарысына әлемнің 107 елінен 621 дзюдошы қатысты. Жарыс жеңімпазына әлемдік рейтингте 1000 ұпай, ІІ орынға – 700, ІІІ орынға 500 ұпайдан қосылады.