Ардагер спортшы дзюдодан әлем чемпионатында күміспен күптелді

Қарағанды облысының әкімдігінің сайты

Шет ауданы, Ақжал ауылының 60 жастағы жаттықтырушысы Болат Манабаев дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Ардагерлер арасында өткен әлем біріншілігі Польшаның Краков қаласында өтті.

Болат Манабаев Шет ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресінен жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Ол бүкіл өмірін балаларды жаттықтыруға арнаған. Осы уақытқа дейін бірнеше спорт шеберлері мен чемпиондары тәрбиелеп шығарған. Бапкерлік қызметімен қатар Болат Манабаев облыс пен еліміздің намысын әлемдік додаларда абыроймен қорғап жүр.

Ардагер спортшы бірнеше әлем біріншіліктерінің алтын жүлдесін еншілеген. Сондай-ақ халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері және жоғары білікті жаттықтырушы деген атақтары бар.

«Мен әлем чемпионатына бірінші рет қатысып отырған жоқпын. 2017, 2018 және 2019 жылдары Грекия, Марокко, Болгарияда өткен біріншіліктерде әлем чемпионы атандым. Биыл ұпай бойынша екінші орын алдым, бірақ өз жеңісіме сенімді болдым. 81 келі салмақта өнер көрсеттім»,- дейді спорт ардагері.

Болат Манабаев жұбайымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары – грек-рим күресі, дзюдо және самбо күресінен спорт шеберлері.

« Мен балалармен кәсіби түрде жұмыс істеймін. Қазір менде 50-ден астам жас спортшы жаттығады. Олардың арасында өте қабілетті балалар бар. Алда 20–23 қазан күндері Талдықорғанда өтетін Қазақстан чемпионаты күтіп тұр. Сондай-ақ, келесі жылы әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсетемін деп үміттенемін»,– дейді Болат Манабаев.