Бейбіт Қорған ән шырқап, «Барыстың» мерейі үстем болды

hcbarys.kz

ҚХЛ аясында «Барыс» кезекті кездесуін елордада «Северсталь» (Череповец) командасына қарсы өткізді.

Бұған дейін қазақстандық клуб 10 ойынның небары үшеуінде ғана жеңіске жеткен болатын. «Куньлунь Ред Стар» клубына есе жібергеннен кейін «Барыс» жанкүйерлері команданы толық таратып, бапкерді ауыстырыңдар деген еді.

«Бекетаевқа сөз жоқ, жай шайбаны жылжыта салудың орнына қарсыласына бере салды», «Паскуаледе оңып тұрған жоқ», «Енді «Куньлуньнан» ұпай ала алмаған соң қоя салу керек», «Мұратов атындағы жеңіліс», «Бекетаев «Куньлунь Ред Стар» командасын алға сүйреді», «Үшінші кезеңде ойнамай қояды, бізге бас бапкер керек. Мәмбетәлиевтің шамасы жетпейді», «Жеңілісте жеңіліс болып кетті. Бұрын ең болмаса плей-оффқа өтетін. Енді қазір 0. Мүгедектерді жинап алған. Червены не үшін жүр? Командадағы ең пайдасы жоқ ойыншы», «Бапкерді де, команданы да толық ауыстырыңдар», - деген пікірлер көптеп жазылған.

Жалпы, екі команда осыған дейін 29 мәрте кездесті. Оның 15-і астаналық клубтың жеңісімен аяқталса, қалғанында «Северсталь» басымдық танытқан.

Бұл ойында ресейлік ұжым фаворит болып саналды. Сол статусын бірінші кезеңде 0:1 есебімен жеңіске жетіп дәлелдей алды. Ал, екінші жиырма минуттықта алаң қожайындары қарсыластар қақпасына жауапсыз үш шайба салып, 3:1 нәтижесімен үзіліске аттанды. «Барыс» шешуші кезеңде қарсылас команда қақпасына 4-ші шайбаны енгізіп, 4:1 есебімен жеңіске жетті.

Айта кетейік, бұл ойынға қонақ ретінде әнші Бейбіт Қорған шақырылып, үзілісте ән шырқады.

«Бейбіт Қорған ән айтты, «Барыс» жеңіске жетті. Бәлкім, жиі шақырып тұру керек шығар», - деген пікірлер де тарауда.

«Барыс» (Астана, Қазақстан) – «Северсталь» (Череповец, Ресей) – 4:1

Шайба:

0:1 – 16:12 Коростелёв (Буренов, Степанов).

1:1 – 27:19 Бекетаев (Муратов).

2:1 – 29:58 Савицкий (Мұратов, Бекетаев).

3:1 – 32:56 Мұратов (Шестаков, Савицкий).

4:1 – 50:42 Мұратов.    

Енді елордалық клуб алдағы ойынын 16 қарашада Ресейде «Трактор» (Челябі) командасына қарсы өткізеді. Бұл кездесуді Астана уақытымен 20:00-де, «Qazsport» телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар.