Жеңіс Қасымбек Теміртаудағы газ жарылысынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті

ашық дереккөз

Жеңіс Қасымбек Теміртау қаласында газ-ауа қоспасының тұтануынан болған апаттан зардап шеккен үйдің тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ, үйге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп тыңдады.

Үш компания үйге техникалық тексеру жүргізуде – "КазМИРР" ЖШС, "Астана Технадзор" ЖШС, "ТрансИнжиниринг" ЖШС.

ҚазМИРР директорының айтуынша, үйді қалпына келтіруге болады,  төтенше жағдай орын алған кіреберіс кейіннен қалпына келтіріледі. Келесі аптада бүкіл үй бойынша толық қорытынды жасалады.

Қазір құрылысшылар қабырғаларды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыдан кейін ғана тұрғындар пәтерлерден жеке заттарын ала алады. Бұдан кейінгі жұмыстар сараптама қорытындысына байланысты қабылданатын болады.

– Мен сіздермен шешілуі қажет шұғыл мәселелерді талқылағым келеді, – деді Жеңіс Қасымбек тұрғындарға. – Мұнда зерттеу жүргізетін компаниялардың өкілдері жұмыс істеп жатыр. Қорытынды келесі аптада болады. Осыдан кейін біз тағы да келіп, әрі қарай не істеу керектігін шешеміз. Жергілікті әкімдікке барлық тұрмыстық мәселелеріңізді жедел шешуді тапсырдым.

Тұрғындарға қажетті көмек көрсетілуде. Барлық 80 пәтерде тұратындардың базасы құрылған: 155 адам, оның ішінде 12 қарт, 18 жасқа дейінгі 15 бала. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істейді.

Зардап шеккендерге Теміртау политехникалық колледжінің жатақханасынан уақытша тұрғын үй берілді. Бір бөлігі туыстары мен жалдамалы пәтерлерге қоныстанды. Теміртау әкімдігі барлық шығындарды өтейді. Сондай-ақ, пәтерлерді қалпына келтіруге де көмек көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетейік, 16 тамызда Теміртауда Металлургтер даңғылындағы 5/2 мекенжайындағы бес қабатты үйде газ-ауа қоспасының тұтануы салдарынан подъездердің бірінде қабатаралық құлау орын алды. 4 адам зардап шекті, олардың үшеуі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық емделуге жіберілді. Үйден 53 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды. Төтенше жағдай орнында жедел штаб құрылды.