Қарағанды облысында «Еңбек жолы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

Қарағанды облысында республикалық «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңі өз мәресіне жетті. 

Еңбек әулеттері, тәлімгерлер мен жас мамандар арасынан үздіктер анықталып, Еңбек күні қарсаңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды.

— Еңбек күні – өз еңбегі, білімі мен таланты арқылы облысымыздың, тұтас еліміздің болашағына үлес қосып жүрген барша еңбек адамдарына деген құрметтің белгісі. «Еңбек жолы» байқауы жыл сайын елге өз ісіне адал, еңбегімен елге үлгі болып жүрген азаматтарды танытып келеді. Кәсіби шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп келе жатқан еңбек әулеттері, мол тәжірибесін жастарға үйреткен білікті тәлімгерлер және бүгінде жоғары жетістіктерімен танылып жүрген жас мамандарымыз – біздің ерекше мақтанышымыз. Сіздердің күн сайын атқарып жүрген жасампаз еңбектеріңіз – өскелең ұрпаққа көрсетілетін ең жақсы өнеге, — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясының жеңімпазы атанған Хабибуллиндер отбасы энергетика саласында еңбек етіп келе жатқан үш буын өкілін біріктіреді. Бір кәсіпорындағы әулеттің жалпы еңбек өтілі 170 жылды құрайды.

Әулет негізін қалаған Хамза Хабибуллин 1973 жылы Топардағы Қарағанды МАЭС-іне жұмысқа орналасып, еңбек жолын кезекші слесарьдан бастап, қазандықтардың аға машинисіне дейін өсті. Зейнетке шыққаннан кейін де еңбек жолын тәлімгер ретінде жалғастырып, жас мамандарға өзінің мол тәжірибесін үйретті. Әкесінің кәсіби жолын оның екі ұлы жалғастырды. Кейін Хамза Гатауллаұлының үш немересі де өз тағдырын станциямен байланыстырып, энергетика саласында еңбек етуге келді.

— Біздің отбасымыз үшін бұл жеңіс жай ғана марапат емес, бірнеше ұрпақтың еңбегіне берілген жоғары баға. Олар өз үлгісімен мамандық өмірдің ажырамас бөлігі әрі отбасылық дәстүр екенін көрсетті. Еңбек әулетіміздің осындай жоғары марапатқа ие болғанын мақтан тұтамыз. Бізге еңбекке деген сүйіспеншілікті дарытқан ата-анамызға алғысымыз шексіз. Бұл байқауды жалғастыру қажет. Өйткені еңбек – құрмет пен абыройдың белгісі екенін барша жұрт көрсін, – деді энергетика саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек еткен, бүгінде станцияның оқу орталығында инженер болып жұмыс істейтін Андрей Хабибуллин.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясында екінші орынды Саран қаласынан келген Шабельниктердің педагогтер әулеті иеленді. Үшінші орын Теміртау қаласында, металлургия саласындағы отбасы мүшелерінің жалпы еңбек өтілі 112 жылдан асатын Приваловтар әулетіне және Шахтинскіден келген энергетиктер әулеті Лопатиндер отбасына бұйырды.

Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері атанған Жарасқан Әбдрешов те өз еңбек жолы мен тәжірибесі туралы ой бөлісті. Ол Шахтинскідегі Qarmet Machinery кәсіпорнында токарь болып еңбек етеді.

— Мен өнеркәсіп саласында көп жылдан бері еңбек етіп келемін және бір білерім: ортақ нәтиже әр адамның еңбегінен құралады. Өз мамандығыңызды құрметтеңіздер, еңбектеріңізді бағалаңыздар – сонда еңбектің лайықты бағасы міндетті түрде беріледі, – деді Жарасқан Әбдірешов.

Бұл номинацияда екінші орын Қарағанды қаласының мектеп психологы Алёна Сыскинаға бұйырды. Үшінші орынды Бұқар жырау ауданынан келген кітапханашы Майгүл Асқарова мен Қарқаралы ауданындағы тоғызқұмалақ жаттықтырушысы Бүркіт Бейсенаев иеленді.

«Үздік жас маман» номинациясының жеңімпаздары түрлі кәсіп иелерінің арасынан анықталды.

Бас жүлдеге Ақтоғай ауданында еңбек етуге келген дәрігер Әлихан Махамбет лайық деп танылды. Екінші орынды Балқаш мыс қорыту зауытының конвертершісі Болат Мұхамедяр иеленді. Үшінші орын Приозерск қаласының математика пәнінің мұғалімі Ақниет Ағатаева мен Қарағанды қаласының теміржолшысы, электровоз машинисі Айдын Жақсылыққа берілді.

Әлихан Махамбет Балқашта туып-өсіп, екі жыл бұрын Қарағанды медицина университетін тәмамдаған соң еңбек жолын ауылда жалғастыруға бел буған.

— Жас мамандарға көрсетіліп отырған қолдау көңіл қуантады. Маған қызметтік баспана беріліп, көтерме жәрдемақы төленді. Мемлекет ауыл медицинасының дамуына да айрықша көңіл бөліп отыр, – дейді жас дәрігер.

Ермағанбет Бөлекпаев еңбек адамдарының еңбегін көпшілікке танытып, байқау лауреаттарын жұртшылыққа үлгі ету мақсатында қалалар мен аудандарда олардың суреттері бейнеленген билбордтар орнатуды ұсынды.

Байқаудың өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанғандар енді республикалық «Еңбек жолы» байқауының финалында бақ сынап, елдегі үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік алады.