Қарағанды облысында жаңғыртылған тағы екі теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Сурет: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан алынды

«Қазақстан темір жолы» компаниясы теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарын жалғастырып келеді. 

Қарағанды облысында қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін Мырза және Дәрия станцияларындағы тағы екі теміржол вокзалы пайдалануға берілді.

Теміртау қаласына қарасты Ақтау кентіндегі Мырза теміржол станциясының вокзалы қайта жаңғыртудан өтті. 1936 жылы пайдалануға берілген бұл станция бүгінде де өңірдегі маңызды жүк және жолаушылар тасымалы торабы болып саналады. Мұнда құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіптік жүктер тасымалданып, ірі кәсіпорындардың көлік қызметі қамтамасыз етіледі.

«Бүгін Ақтау кентіндегі Мырза станциясының жаңартылған вокзалын ашып отырмыз. Бұл – тұрғындар үшін маңызды нысан. Ол сапарды барынша жайлы әрі қауіпсіз етуге, жолаушылар үшін заманауи жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Қазақстан темір жолы» АҚ өкілдері. – Қарағанды облысында 14 вокзал мен платформа жаңғыртылуда, олардың тоғызы қазірдің өзінде пайдалануға берілді».

Қайта жаңғырту нәтижесінде вокзалдың келбеті айтарлықтай жаңарды. Ғимараттың шатыры, терезелері мен есіктері ауыстырылып, қасбеті мен ішкі бөлмелері жөнделді. Сондай-ақ су құбыры және кәріз жүйелері тартылды. Бұдан бөлек, перрон мен аралдық платформа жөндеуден өтіп, жаңа жарықтандыру жүйесі мен қоршаулар орнатылды. Жаңарту жұмыстарынан кейін вокзал жолаушылар үшін әлдеқайда жайлы әрі қолайлы бола түсті.

— Мен теміржолшылар әулетінен шыққанмын, сондықтан жаңартылған Мырза станциясының ашылуы мен үшін ерекше оқиға. Ақтау тұрғындарының игілігіне енді заманауи әрі жайлы станция берілгеніне өте қуаныштымын. Бұл біздің кентіміз үшін және оның алдағы дамуы үшін аса маңызды, – дейді теміржол саласының ардагері Айгүл Жұманбаева.

Жаңғырту жүргізілген тағы бір нысан – Шет ауданындағы Дәрия станциясының вокзалы. 

Кең күту залдарына заманауи орындықтар орнатылып, жаңа желдету және ауа баптау жүйелері іске қосылды. Сондай-ақ пойыздар қозғалысының кестесі көрсетілген ақпараттық тақталар жаңартылды.

Мұнда кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Дәрия станциясында мүгедектігі бар жолаушылар мен балалы отбасыларға арналған жеке күту бөлмелері жабдықталып, заманауи санитарлық тораптар ашылды. 

Платформа мен вокзал маңындағы аумақта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылды. Сонымен қатар вокзал кешені қызметкерлеріне арналған қызметтік бөлмелер де жаңартылды.

— Дәрия станциясы вокзалының қайта жаңғыртылуы – ауданымыз үшін де, теміржол саласы үшін де маңызды оқиға. Ғимараттың сыртқы келбеті ғана емес, бүгінгі заман талаптарына толық сай келетін инфрақұрылымы да жаңарды, – деді станцияның ашылу рәсімінде «Қазақстан темір жолы» компаниясының ардагері Алма Смағұлова.

Мырза және Дәрия станцияларындағы вокзалдарды қайта жаңғырту – «Қазақстан темір жолы» компаниясының теміржол инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңарту жұмыстарының бір бөлігі. Жалпы Қарағанды облысында Балқаш-2, Мойынты, Ақадыр, Дәрия, Жарық, Жаңа Қарағанды, Қарағанды-Сұрыптау (жұп), Мырза, Нұра, Сарыбел станцияларындағы 10 теміржол вокзалы, сондай-ақ Теміртау (Әлеуметтік қала), Айса, Қарағанды-Сұрыптау (тақ), Сарышаған станцияларындағы төрт жолаушылар платформасы жаңғыртумен қамтылды.