BANNER

Қарағанды облысының мектептері алдағы қыркүйек айында оқушыларды қабылдауға әзірленуде

Қарағанды облысының әкімдігі

Биыл өңірде 175 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастайды, олардың ішінде 15 мыңы — бірінші сыныпқа баратын балалар. Оларға қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қамтамасыз ету негізгі міндет болып отыр. Өңірдің жаңа оқу жылына дайындығы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды. Жиынға басқарма басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.

Облыста қазіргі уақытта 402 мектеп жұмыс істейді. Жаңа оқу жылында тағы үш жаңа білім ошағы ашылады: біреуі — Талды ауылында апатты мектептің орнына 200 орындық ғимарат, екеуі — «Келешек мектеп» бағдарламасы аясында Қарағанды және Балқаш қалаларында. 

Сондай-ақ осы бағдарлама бойынша Бұқар жырау және Шет аудандарында және облыс орталығында алты мектептің құрылысы жалғасып жатыр.

Білім беру нысандарының 265-інде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге жылыту маусымына дайындық қатар атқарылуда: жылыту жүйелерін шаю, қысыммен сынау, реттеу және отын қорын толықтыру.

— 33 білім беру нысанында, соның ішінде балабақша, колледж және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған қолдау орталығында күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. 232 ауыл мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалуда, — деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейіржан Сыздықов. — Бұл жұмыстар шатырларды жөндеу, терезе мен есік блоктарын ауыстыру, едендерді жаңарту, жарық шамдары мен электр сымдарын алмастыру, санитарлық тораптар мен кәріз жүйесін қалпына келтіру, сондай-ақ әрлеу және жалпы құрылыс жұмыстарын қамтиды.

Биыл республикалық реновация бағдарламасы шеңберінде облыстың түрлі аудандарындағы 29 мектеп жаңғыртылады. Тағы 35 білім ордасы жаңғырту тізіміне енгізілді. Сонымен қатар, оқу орындарын заманауи физика, химия, биология, STEM және робототехника кабинеттерімен жабдықтау жоспарланған.

— Барлық жұмыстар белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс, — деді Ермағанбет Бөлекпаев. — Мердігер ұйымдарға айтарым: жұмыс кестесінің орындалуы мен сапа қатаң бақылауда болады.

Тамыз айының басынан облыста дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы өтуде. Биыл бұл жоба аясында 12 мың көпбалалы және аз қамтылған отбасы әлеуметтік көмек алады.

Бастауыш сыныптағы барлық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл шамамен 67 мың баланы құрайды.

Барлық мектептер оқушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйелері мен дабыл түймелерімен жабдықталған. Облыс әкімі мектеп аумақтарын тексеруді тапсырды: қауіпті жағдайда тұрған электр сымдарын жою, жарықтандыру орнату және қажет болса қосымша жол белгілерін қою.

— Оқу жылының басталуы — әр отбасы үшін маңызды кезең. Біздің міндетіміз — балаларды қауіпсіз әрі жайлы жағдайда қарсы алу, — деп атап өтті өңір басшысы.