Кәмелетке толмағандар әлеуметтік көмек көрсету орталығында. Оларға психологиялық қолдау көрсетіледі.
Жамбыл облысында өгей балаларын 5 жыл бойы ұрып-соғып, қорлық көрсетті деген күдікпен өгей әке қамауға алынды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.
Айта кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде үсті-басын жара басып, соққының астында мал бағып жүрген екі жеткіншектің видеосы тараған еді. Кейін оның Талас ауданына қарасты Көктал ауылының маңында түсірілгені белгілі болды. Даулы бейнежазбаға байланысты аймақта арнайы комиссия да құрылып үлгерген. Олар зардап шеккендердің тек екі бала емес, үш ағайынды екенін анықтаған. 16 жастағы егіздер мен 10 жастағы оқушы – аналарының бірінші некеден туған перзенттері болып шықты.
«Полиция департаменті медициналық сот сараптамасын тағайындап, оны қазір өткізді. Нұрсұлтан бел тұсының, басының ауыратынын айтты. Дене жарақаты, ауыру ұзақ уақыт бойы алған соққының салдары деп отыр», – деді Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Айдана Биғабылова.
Кәмелетке толмағандар әлеуметтік көмек көрсету орталығында. Оларға психологиялық қолдау көрсетіледі. Ал өңірдегі полиция қызметі аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс бастады. Процесс біткенше жәбір көрген жеткіншектер бейімдеу орталығында болады.
«Келеңсіз жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Мәселені жан-жақты зерделеуде. Сонымен қатар ішкі істер органдары тарапынан тергеп тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Салықбаева.