Қарағандылық Данил Мұсабаев олимпиадалық лицензия жеңіп алды

Фото: gov.kz

Қарағандылық Данил Мұсабаев Парижде өтетін 2024 Олимпиадасында өнер көрсетеді. Батуттағы гимнаст Котбуста (Германия) Әлем Кубогы кезеңінде өнер көрсету қорытындысы бойынша лицензия жеңіп алды.

"Париждегі төртжылдықтың басты жарыстарына 16 ер батутшы және сонша әйел қатысады. Халықаралық гимнастика федерациясы олимпиадалық лицензияларды жеңіп алған елдердің тізімін жариялады. Олардың ішінде Данил Мұсабаевтың Әлем Кубогы кезеңдеріндегі тамаша өнер көрсетуінің арқасында Қазақстан спортшылары да бар", – деп хабарлайды Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Данил Мұсабаев мансабында алғаш рет Жазғы Олимпиада ойындарына қатысады. Батут гимнастикасы бойынша бұл Қазақстан ұлттық құрамасының алғашқы лицензиясы.

– Лицензия елге беріледі. Бірақ оны Мұсабаев жаулап алғаны сөзсіз. Данил Париж Олимпиадасында өнер көрсетеді! – деді Қазақстанның бас жаттықтырушысы және батут гимнастикасынан спортшының жеке тәлімгері Сергей Вертянкин.