BANNER

Қазақстан халқының саны 20 миллионға таяп қалды

Ашық дереккөз

2022 жылдың 1 тамыздағы көрсеткіш бойынша Қазақстан халқының саны 19 644 067 адам болды, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылғы санаққа 19 186 015 адам қатысқан. Осылайша, 2009 жылғы халық санағынан бері ел халқы 20%-ға немесе 3,2 миллион адамға өсті. Бұған халықтың табиғи өсімі мен Қазақстан аумағына көші-қон ағыны ықпал етті.

Санақ қорытындысы бойынша қала тұрғындарының үлесі 61,2 пайызға дейін өсті, алдыңғы санақ мәліметтерімен салыстырғанда өсім 5 пайыз. Тиісінше, ауыл халқының үлесі 43,9 пайыздан 38,8 пайызға дейін азайды. Қала тұрғындарының басым бөлігі Қарағанды облысында. Бұл облыста тұрғындардың 80 пайызы, яғни 1 миллионнан астам адам тұрады. Керісінше, қалалықтар саны ең аз аймақ — Түркістан облысы. Мұнда барлығы 498 мың адам немесе облыс тұрғындарының 24,3 пайызы қалалық жерде тұрады.

Алдыңғы санақ қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтанда 619 мың адам тұрып жатқан, 2021 жылғы санақ кезінде еліміздің бас қаласындағы халық саны 1,23 миллион адам болған.

Қазақстандағы әйелдер саны бұрынғыдай ерлер санынан басым. Санақ қорытындысы бойынша олардың саны жарты миллионға (536,3 мың адамға) артық болды. Егер пайызбен айтар болсақ, ерлер үлесі — 48,6 пайыз (9 324 840 адам), әйелдер үлесі — 51,4 пайыз (9 861 175 адам) болды. Осылайша, Қазақстандағы 100 әйелге 99 ер адамнан келеді.

Санақ 10 жылда бір рет жүргізіледі.

"Урбанизация — экономиканың индустрияландырылуы мен жұмыс күшінің өнімді салаларға ауысуына байланысты болатын әлемдік процесс. Әдетте, азаматтар ауылдан қалаға білім алу, мамандығы бойынша жұмыс істеу және әл-ауқатын жақсарту үшін көшеді. Соңғы екі санақ аралығындағы кезеңде қала халқының ең көп өсімі еліміздің 6 өңірінде байқалды — Ақмола, Ақтөбе, БҚО, ШҚО, СҚО, Қызылорда облыстарында. Ал елорда халқы екі есе өсті", — дейді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов.