Деструктивті контент таратқаны үшін интернет-платформалардың жауапкершілігін қарастырған жөн. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
— Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін қорытындылап, жаңа міндеттер қойды. Президент экономикалық дамудың бірқатар көрсеткіші бойынша оң серпін бар екенін атап өтіп, алдағы бес жылға арналған жұмыстың басты бағыттарын айқындап берді. Ол — ірі инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, атом энергетикасын дамыту, агроөнеркәсіптік кешенді нығайту, инвестиция тарту. Әрине, бұл міндеттерді орындау үшін заман талабына бейімделген берік заңнамалық негіз қажет. Мемлекет басшысы Парламентке жер қойнауын пайдалану құқықтарын бөлу кезінде инвесторларға түсінікті әрі ашық құқықтық база құру туралы тапсырма берді. Қазіргі уақытта депутаттардың бастамасымен әзірленген жер қойнауын пайдалану туралы заң жобасы қаралып жатыр. Енді бастамашы депутаттар елімізге ірі геологиялық барлау компаниялары келуіне неғұрлым қолайлы жағдай жасау мәселесіне мұқият назар аударуы қажет, — деді Е. Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы назар аударған тағы бір маңызды мәселе цифрландыру саласына қатысты екенін еске салды. Біріккен Ұлттар Ұйымы берген баға бойынша Қазақстан бүгінгі таңда осы салада елеулі жетістікке жетіп отыр. Еліміз 193 мемлекет арасында 24-ші орында. Сондай-ақ онлайн-қызметтер индексі бойынша үздік 10 ел қатарына кірді. Мәселен, интернет арқылы мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу деңгейі 92 пайызға жетті.
— Алайда мұндай прогрестің екінші жағы да бар. Цифрландырумен бірге халыққа жалған ақпарат тарату белең алып, алаяқтықтың небір түрі қарқынды дамып келе жатыр. Қазақстандықтар күн сайын осындай жағымсыз жайттарға тап болуда. Бірнеше депутаттық сауалдың осы проблемаға арналғаны бекер емес. Қазіргі жағдайда бұл мәселеге жан-жақты қарау керек. Ең алдымен, заң мен тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Мәселен, алда қаралатын Цифрлық кодекс жобасы аясында еліміздің тұрақтылығына нұқсан келтіретін жалған ақпараттың таралуына заңнамалық тұрғыдан тосқауыл қоюға тиіспіз. Сонымен қатар, деструктивті контент таратқаны үшін интернет-платформалардың жауапкершілігін қарастырған жөн, — деді Мәжіліс төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Мәжіліс қабырғасында тиісті заң жобасы әзірленді.
Жақын арада осы заң жобасын талқылау жұмысы басталады. Ол үшін ең алдымен, нарықтағы барлық тараптың пікірін ескеріп, бүгінгі күннің талабына сай келетін, шын мәнінде жұмыс істейтін заң қабылдауымыз қажет.
Еске салсақ, 28 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.