BANNER

Ләйлә Сұлтанқызы желіде тараған "блогерлер тізіміне" қатысты пікір білдірді

Фото: instagram.com/sultankyzy

Желіде салық міндеттемесін орындауға қатысты "блогерлердің тізімі" жарияланды. Танымал тұлғалар қатарында блогерлерден бөлек әншілер, тележүргізушілер, продюсерлер бар. Өзін бұл тізімнен көрген тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы бұған қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды LIFE09 ақпараттық агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.

18 ақпанда Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдері блогерлерге кірісін төмендету бұзушылықтары бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілгенін хабарлаған еді.

Құзырлы органдағылар 594 тұлғаға қатысты 53,3 млрд теңгеге ауытқушылық анықталғанын мәлімдеген.

Кейін Telegram-дағы Kozachkov offside арнасында танымал блогерлердің тізімі пайда болды.

"Маған осындай қағаз келді - бұл тізімдегілер оң жақ бағанда көрсетілген соманы бюджетке төлейді-міс немесе осы сомадан жеке табыс салығы ұсталатындардың тізімі болуы мүмкін, өзім де толық түсінбедім.

Тізім рас па, жалған ба, білмеймін", - деп жазады журналист.

Бұл тізімнен өзінің аты-жөнін көрген тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы желіде тараған жазбаға қатысты пікір білдірді.

"Өзгелер үшін жауап бере алмаймын. Мен соңғы 5-6 жылда дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, заңды түрде салығымды төлеп отырмын. Бірақ бірден айтайын, менің айналымым мына жерде көрсетілген сомаға сай келмейді. Әрі 2023 жылы 10 шілдеде күшіне енген Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы Қазақстан Республикасының Заңына сай толығымен жұмыс істеп жатырмын деп сенімді түрде айта аламын.

Мен өзім салық, құжат дегендерге бей-жай қарай алмайтын адаммын. Оны көмекшілерім де, заңгерім де, есепшім де растай алады. Сондықтан да алдағы уақытта салық органдарына жүгініп, міндетті түрде қайта тексерісті талап етемін. Салықтан ешкім жалтармайды, жалтармауға да тиіс. Ол әлеуметтік саланың бірден-бір қайнар көзі. Жанашырлық танытып жатқан жандарға да алғыс. Алдағы уақытта салық есептелігінің нәтижесімен міндетті түрде бөлісемін", - деп жазды тележүргізуші.